• 04-05-2026

"Маған сенгендердің бәріне арналады": Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді

Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, өзін қолдаған барша жанға алғысын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ассалаумағалейкум, ағайын! Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді сәтті бастадым. Аллаға сансыз шүкір, бүгінгі кеш – менің алғашқы жеңісіммен аяқталды.

Бұл – тек менің емес, мені әр сәтте қолдаған, дайындаған бапкерлерімнің, туған ағамның, командамның ортақ жеңісі!

Осы жолда біргеміз, бірге тер төктік, бірге намысымызды қорғадық. Бүгін рингте жеңіске жету – тек бір күннің емес, айлар бойы төгілген тердің, ауыр жаттығулардың жемісі.

Мен жалғыз бокстасқан жоқпын. Менің жанымда сенім, тілек, дұға тұрды.

Аллаға сансыз шүкір! Жеңіс жалғасын тапсын, бұл – тек бастамасы! Алланың қалауымен, бұдан да биік белестерге бірге жетеміз! Жолымда қолдау білдірген әр жанға – алғысым шексіз! Бұл жеңіс – маған сенгендердің бәріне арналады", — деп жазды боксшы Instagram желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәтті бастағанын жазған едік.

20 шілдеде Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен бокс кешінде қазақ былғары қолғап шебері 23 жастағы филиппиндік Кристиан Леганы нокаутпен жеңді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз