• 27-07-2025

Қаскелеңде Health Invest Forum – 2025 халықаралық форумы өтті

Қаскелеңде Health Invest Forum – 2025 халықаралық форумы өтті.

Шараның мақсаты өңірдің денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту. Форум аясында медициналық инфрақұрылымды дамыту, жеке сектормен әріптестік орнату және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Форумға 8 елден сарапшылар мен инвесторлар, барлығы 160 делегат келді. Жиында медициналық жабдықтарды жаңарту, жасанды интеллект енгізу, диагностика процесін автоматтандыру және телемедицина қызметін кеңейту бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асатын жаңа жобалар таныстырылды.

Ержан Сүлейменов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Инвесторларға біз Қаскелең қаласында емхана, Алатау қаласында аурухана мен емхана, сосын тағы да бірнеше амбулаторияларды салуға. Және өздерінің ұсыныстары бар, сол ұсыныстарды қарастырамыз.

Ерекше жобалардың бірі – PACS (ПАКС) орталығы. Түркия мен Жапонияның бірлескен компаниясы бұл жобаны Қонаевта жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Онда облыстағы барлық МРТ, КТ, рентген, ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары бір жүйеге біріктіріледі. Ал жасанды интеллект зерттеу нәтижесін автоматты түрде шығарады.

Камиль Муртузаев, жапониялық компания өкілі:

- Бұрын зерттеу қорытындысын дәрігерлер өзі оқитын. Енді жасанды интеллект алғашқы нәтижені автоматты түрде береді. Дәрігер тексеріп, диагнозды жылдам растайды. Диагноздың дәлдігі 88 пайыз.

Әділет Сәдібеков, Еңбекшіқазақ аудандық көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

- Цифровой решениелерді қолдану ол медициналық көмекті жеңілдетеді, дәрігердің уақытын үнемдейді және науқастарға, біздің келушілерге ол қолайлы болып табылады.

Медицина саласында 2025 жылға жоспарланған алты жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Өңір бұл жобаларға 6 миллиард 968 миллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Форум қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы бірнеше келісімге қол қойылды. Сарапшылар жеке сектордың қатысуы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға жол ашатынын атап өтті.

Гүлім Советқан, Аманжол Жөнкешов