• 14-03-2025

Алматылық ғалымдар нанопластырь жасап шығарды

Медицина мамандарының айтуынша, пластырь жараның тез жазылуына септігін тигізеді.

Оған қоса, бактериямен күреседі. Ең бастысы отандық шикізаттан жасалғандықтан, экологиялық таза өнім саналады. Ғалымдар инновациялық бастаманы Satbayev University-дің зертханасында жүзеге асырған.

Мына ыдыстардағы жұқа қабық табиғи полимердің ең тазасы. Бұл биоматериалдар бентонит сазынан, целлюлозадан, крахмалдан және желатиннен алынған. Оның барлығы өз елімізде өндіріледі және оңай синтезделеді. Химия мамандары осылай дейді. Нанопластырь инновациялық тәсілмен жасалған. Сондықтан қауіпсіз. Денедегі кесіп алған жерге, қажалған теріге жапсырсаңыз нәтижесі көп күттірмейді. Жылдам жазады. Бағасы да қолжетімді.

Анастасия Кухарева, университеттің кіші ғылыми қызметкері

- Мұны кәдімгі пластырь сияқты жапсырасыз. Бірақ әсері одан мүлдем бөлек. Зақым келген теріге жабысқанда пайдалы заттар тез сіңеді. Сөйтіп, оның жазылуын жылдамдатады. Жара жазылып кеткенше алмау керек.

Желім ретінде кәдімгі жабысқақ таспа қолданылады. Ал белсенді антисептикалық заты зертханада өсімдік сығындысынан алынған күміс нанобөлшектер. Бұл дезинфекция жасайды. Қабынуды басады. Зақымдалған терінің беткі қабатын патогендік микроорганизмдерден қорғайды. Тәжірибе күміс нанобөлшектерінің әсері антибиотиктердің әсерімен бірдей екенін көрсетті. Үндістандық ғалым Фейсал Усман Бхай Холия бұл технологияны болашақта қатерлі ісікке қарсы күресте қолдануға болады,-деп есептейді.

Файсал Усман Бхай Холия, университеттің постдокторанты /Үндістан/:

- Біз бактерияны Петри табақшасының түбіне өсірдік. Екінші шыныаяққа күміс нанобөлшектерін қостық. Осы нанобөлшектер бактерияның көбеюіне жол бермейді. Яғни, оның жайылуына қарсы әрекет етеді. Сондықтан, ең жоғарғы жағында бос аймақ пайда болды.

Сәтбаев университетінің инженерлік бағыттағы зертханасында 20-дан астам ғалым әйел жұмыс істейді. Олардың еңбектері ауыл шаруашылығы, медицина және химия өнеркәсібіндегі мәселелерді шешуге бағытталған.

Файсал Усман Бхай Холия, университеттің постдокторанты /Үндістан/:

- Мені қазақстандық әйелдердің ғылымға үлес қосып жүргені қуантады. Көбімен бірге жұмыс істеп жүрмін. Жауапкершіліктері жоғары. Ғылым жолы ауыр жол екенін бәрі жақсы біледі. Олар соған қарамастан, отбасындағы бала-шағасының да қамын жасап үлгереді.

Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысымен жасалып жатқан жараны емдеуге арналған нанопластырь жобасы аяқталуға жақын. Зерттеуден кейін ғалымдар технологияны өндіріске енгізіп, оны коммерциялық мақсатта қолдануды жоспарлап отыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон