• 02-08-2025

Қазақ даласындағы алғашқы теміржолдар

Ұзындығы 1 668 км Орынбор – Ташкент магистралінің құрылысы басталған 1904 жыл – Қазақстанда теміржол көлігінің құрылған жылы болып саналады. Теміржол бойында Ақтөбе, Орал, Түркістан, Қызылорда және басқа да қалалар мен өнеркәсіп орталықтары өсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан аумағында алғашқы теміржол магистралінің ашылуы 1894 жылы 25 қазанда – Покровская слобода (қазіргі РФ Саратов облысының Энгельс қаласы) – Орал тар табанды желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін болған. Осы теміржолдың 130 шақырымы қазіргі Қазақстан аумағы арқылы өтті. 4 жылдан кейін Урбах – Астрахань тар табаны іске қосылды, оның 77 шақырымы да Қазақстан жерінен өткен екен.

Солтүстік Қазақстанның дамуы үшін 1891-1896 жылдары Транссібір магистралін салу, атап айтқанда оның 190 шақырымдық отандық учаскесін құру үлкен маңызға ие болды, бұл жол – халықтардың экономикалық және мәдени жақындасуында үлкен рөл атқарды. 1914-1917 жылдары Арыс – Пішпек Жетісу жолы – болашақ Түрксібтің бір бөлігі, 1915 жылы – Челябинск – Троицк – Қостанай магистралі (Қазақстан бойынша 166 км) салынды.