• 02-08-2025

Ақтаулықтар қолқаны қабатын жағымсыз иіске тұншығып отыр

Тұрғындар осы мәселені айтып, бармаған жер, қақпаған есігіміз қалмады деп ашынады.

Ақтаудың жоғары шағын ауданында тұратын халық қолқаны қабатын жағымсыз иіске тұншығып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бұл жағдайға бірнеше жылдан бері шыдап келе жатқан көпшілік дем алудың өзі қиындап кетті дейді. Қоғам белсенділері "кәріздің лас суы ашық жерге төгіліп жатыр" деп дабыл қақты.

Қала тұрғындары соңғы уақытта жағымсыз иіске жиі шағымданатын болған. Әсіресе, жоғары шағын аудандардағы халық бұл мәселенің бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанына наразы. Тұрғындар осы мәселені айтып, бармаған жер, қақпаған есігіміз қалмады деп ашынады.

"Үш ай жаз бойы кешкісін жел. Осы беттен соққанда, солтүстік беттен соққанда мына жерде демалу мүмкін емес. ҚР-ның заңы бойынша да адам және оның денсаулығы емес пе? Осы иістің кесірінен біздің денсаулығымыз құрып жатса, кім жауап береді?", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Айгүл Абдуллаева.

Жауапты мамандар тазарту қондырғысының қайта салынып жатқанын айтады. Соның салдарынан кәріз суы толық тазарту кезеңінен өте алмайды.

"Тек механикалық тазартудан өтіп отыр бұл су. Толық көлемде тазартылмайды. Бірақ жаңа айтқандай сынама жөнінде протоколымыз бар экологтардан. Механикалық обработкадан өткеннен кейін, бұл қалдықтарды арнайы полигонға апарып, сол жақта жою мақсатында шартымыз бар. Қазір КОС-2 де келесі айдың соңына дейін реконструкция жұмыстары жасалынып жатыр", деді "Каспий жылу, су арнасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Серік Жалғасбай.

Тазарту қондырғысының құрылысына бюджеттен 11 жарым миллиард теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары биыл қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.