• 21-11-2025

ҰҚК-нің жаңа қызметі екі адамға жарты миллион теңге сыйақы берді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес шеңберінде ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі шілдедегі жұмыс қорытындысын жариялады. Ведомство 17 құқықбұзушылықты анықтап, мемлекетке келтірілген жүздеген миллион теңге шығынды өтеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған екі азаматқа сыйақы берілді, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде Қазақстан Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сараланатын 17 құқықбұзушылық тіркелген.

"Атап айтқанда, билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану – 3, пара алу – 5, пара беру – 4, алаяқтық – 2, жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу, кәсіпкерлік өкілеттіктерді теріс пайдалану және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу бойынша бір-бірден дерек анықталды", – делінген хабарламада.

16 қылмыстық іс сотқа жолданған. Оның ішінде:

  • 6 іс – алаяқтық,
  • 3 іс – пара беру,
  • 2 іс – пара алу,
  • сондай-ақ бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру (жылыстату), қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру бойынша бір-бірден іс бар.

Аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген 113,6 миллион теңге шығын өтелді. 619,1 миллион теңгеге мүлікке тыйым салынды.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 2 адамға 471,84 мың теңге сомасында сыйақы берілді.

Ведомство сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget