• 21-11-2025

Елена Рыбакина Монреаль турнирінің финалына шыға алмады

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингте 85-орында тұрған 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен шеберлік байқасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өткен айда қарсыластар Вашингтон WTA 500 турнирінде кездесіп, онда Рыбакина 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.

Осы дода барысында әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфты 6:1, 6:4 есебімен жеңген В.Мбоко осал емес-ті. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:1 есебімен басым түсті.

Екінші сетте стадион толы жанкүйердің қолдауымен жергілікті спортшы есе қайырды – 7:5.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейкке қол жеткізіп, өз геймін де қоса алды – 4:2. Бірақ есеп 5:4 болып, өзі доп бергенде, матчболын мүлт жіберді – 5:5.

Бұдан кейін қарсыластар тағы брейк алмасты – 6:6. Тай-брейк канадалық спортшының пайдасына шешілді – 7:6 (7:4).

Екі сағат 46 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды.

Мбоко 4 эйс, 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді. В.Мбоко финалда әлемнің 19-ракеткасы, даниялық Клара Таусон немесе рейтингіде 49-сатыдағы жапониялық, "Үлкен дулыға" турнирлерінің төрт дүркін чемпионы Наоми Осаканың қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.