• 21-11-2025

Атырауда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар облыс әкімінен көмек сұрайды

Олар шенеуніктерден әр балаға жеке көмекші тағайындауды талап етеді.

Атырауда ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар облыс әкімі Серік Шәпкеновтен көмек сұрайды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Олар тірек-қимыл аппараты бұзылған оқушылар үшін мектепте жеке көмекшінің болғанын қалайды. Тіпті әр ата-ана өз баласының қасында көмекші ретінде жұмыс атқаруға қарсы емес.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған атыраулық ата-аналар министрлік әзірлеген арнайы білім беруді дамыту бағдарламасының әлі күнге дейін іске қосылмағанын айтып әкімдік алдына жиналды. Олар шенеуніктерден әр балаға жеке көмекші тағайындауды талап етеді. Себебі, ұл-қыздарымызды күнделікті сабаққа тасу қиын — дейді көпшілік.

"Әр ата-ананы өз баласының қасына жеке көмекші ретінде алса жақсы болар еді. Өйткені, мен мектепке баламды апарамын. Қызым №21-мектепте оқиды. Өзім алыста тұрамын. Мектепке баламды апарып, енді жаяу үйге бара жатқанда, мектептен "Балаң жылап жатыр, алып кет", – деп телефон соғады. Қиын біздерге, дейді Нұргүл Мұхтарова.

Бұған дейін ата-аналар білім басқармасына арыз жазған екен. Алайда, талаптары орындалмай сұрақтары жауапсыз қалған. Бұдан бөлек аналар жазғы каникул кезінде ерекше балалардың лагерлерге ілінбей қалғанына да қапалы.

Жиналғандардың жанайқайын тыңдауға білім басқармасының басшысы шықты. Атқамінер көмекші тағайындамас бұрын алдымен ол адамның ата-ана алдындағы міндетін айқындап алуымыз керек дейді.

"Біз осы тақырыпта күні кеше ҚР Оқу-ағарту министрлігіндегі әріптестерімізден кеңес алдық. Ол бойынша жеке көмекшінің функционалдық қызметтерін белгілейміз. Және ол техникалық қызметкер есебінде жұмысқа қабылданатын болады. Мамандық қажет етпейді. Сол себепті ата-аналардың өтініштеріне сай олардың мүмкіндіктері бар екені туралы жауабын бердік", – деді Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Бірақ ата-аналар атқамінердің бұл сөзіне қанағаттанбады. Сондықтан, мәселеге аймақ басшысының араласуын сұрайды.