• 21-11-2025

”Той - қазақтың қазынасы деген бишара сөз”: Жазушы күтпеген мәлімдеме жасады

Жазушы, журналист Қанат Тілеухан қазақ қоғамында тойдың шектен тыс көбейіп кеткенін айтты.

Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ол “той — қазақтың қазынасы” деген нақыл сөзді “бишара сөз” деп атады.

”Той — қазақтың қазынасы деген бір бишара сөз бар. Тойдың несі қазына?! Итшілеп, қиналып тапқан ақшаң бір мезетте жоқ болады да кетеді. Содан кейін әлгі көлшігі тартылған батпақтағы бақа сияқты бақылдап қаласың. Несие бір бүйірден қысады. Анау жетпейді, мынау жетпейді. Сонысымен халық өзі қиналады. Негізі біздің бала кезімізде тойдың екі-ақ түрі болатын. Бірі — үйлену той, екіншісі — әскерге шығарып салу тойы. Екіншісі қызық болатын. Шақырмаса да барып алатынбыз. Баласың деп кіргізбейді. Сол кіргізбегеннің өзі қызық. Қазір сүндет той, 30 жас той, тілашар, 40 жас, 45 жас, 50 жас, қысқасы, тойдың небір түрлері қаптап кетті. Тойға барғанда адам демалмайды. Мен тойға барсам, шаршап, шалдығып қайтамын. Бірақ, осындай той бізде жалғаса береді. Соңы да бітпейді. Тойханалар да саңырауқұлақтай көбейіп жатыр”, — дейді ол.

Жазушының бұл мәлімдемесіне желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.

”Әншілердің қазынасы”, “Мен толықтай келісемін”, “Той ысырап, келісемін”, “Дұрыс, заманның озығы, тозығы бар”, “Тамадаларға көңілім толмайды”, “Бұрын тойда кедей-кепшік тойған екен, байлар риза. Қазір жарыс, бақталас”, — деп жазды олар.

Пікір жазғандардың арасында актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс та бар.

”Той — қазақтың қазынасы деген сөзді бейшаралық деп айту — ұлттық таным мен дәстүрге үстірт қараудың белгісі. Тойды кемсіту — тамырды қиып, бүр жарған бәйтеректі “неге жапырақ жайдың” деумен тең. Әрине, бүгінгі кейбір тойлардың жасанды шуы, ысырапшылдығы, дарақылығы сын көтермейді. Бірақ бұл тойдың емес, оны өткізушінің талғамының, тәрбие мен танымының мәселесі”, — деп жазды ол.