• 21-11-2025

Түркістан тұрғыны көру қабілетінен айырылса да, кәсібін тауып, ел алғысына бөленіп жүр

Көру қабілетінен айырылса да мойымаған жандар аз емес. Солардың бірі – Түркістан облысының тұрғыны Мұхамедәли Құралбек.

Ол бүгінде көптің қошеметіне бөленіп жүр. Алматыда білікті мамандардан массаж курсын оқып үйренген. Қазір Сауран ауданындағы облыстық оңалту орталығында мүгедектігі бар жандарға кәсіби массаж қызметін көрсетіп жүр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- 30 жастағы Мұхамедәли Құралбек бұрын бокспен айналысқан. Спорт шеберлігіне үміткер. 10 жыл бұрын басынан қатты соққы алып, екі көзі көрмей қалған. Дәрігерлер «көздің тамырлары жарылған» деген диагноз қойды. Тепсе темір үзетін жігіт тағдырға мойымай, массаж курсын бітіріп алған.

Мұхамедәли Құралбек, массаж жасаушы:

- Темір ауылындағы аудандық ауруханада жұмыс істеп бастадым. Жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауысып, сонда жұмыс істедім. Ол жақтан ауысып, осы жақта жұмыс істеп жатырмын. Осы оңалту орталығында бір күнде 15-16 адамға массаж жасаймыз. Адамдар рахметін айтып, ризашылығын білдіріп кетіп жатыр. Көзім көрмесе де, денім сау, ақырындап істеп жатырмыз.

Темірлан ауылының тұрғыны Самат Жолдасбек – I топтағы мүгедек. Оңалту орталығына алғаш келген. Осында 27 күн жатып, ем алмақшы. Бұрын аудандық ауруханада Мұхамедәлиден бірнеше мәрте массаж алғанын айтады.

Самат Жолдасбек, Темірлан ауылының тұрғыны:

- Темірланда үнемі көріп тұратынмын, массаж жасатып тұратынмын. Қолы жақсы. Мына жерге келсем, көз таныс деп көріп, қуанып қалдым. Енді Құдай қаласа, күнделікті осы Мұхамедәлиге жасатамын массажды.

Мұхамедәлидің массаж жасауды үйреніп, осы салада жұмыс істеп жүргеніне 8 жылдан асты. Көру қабілетінен айырылса да үнемі өзін жетілдіріп отырады. Оны әріптестері де мақтан тұтады.

Әшім Нұрланұлы, Оңалту орталығы директорының орынбасары:

- Бұл маман қазіргі таңда біздің бетке ұстар мамандарымыздың бірі деп айтсақ та болады. Себебі осы біздің орталық ашылғалы бері өз ісінің маманы екенін көрсетіп, алғысқа бөленуде. Оған деген қызмет алушылардың ризашылы көп деп естіп жатамыз. Сол себепті ол бізге дейінде басқа мекемелерде жұмыс істеген, біздің орталық былтырғы жылы ашылғалы бері бізге ауысып келіп, қазір қызмет көрсетуде.

Сауран ауданындағы облыстық оңалту орталығы 200 орынға арналған. Қазір мұнда 150 адам ем қабылдап жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш