• 02-05-2026

"АвтоЖол+" жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылғаны рас па: министрлік жауап берді

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интернет желісінде таратылып жатқан "АвтоЖол+" жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, азаматтарды сақ болуға шақырды. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Министрлік бұл хабарламада көрсетілген шарттармен (автокөлік құнының 10 пайыздан 50 пайызға дейінгі бөлігі субсидияланады, жылдық 2 пайыздан басталатын несие мөлшерлемесі, бастапқы жарнаның болмауы және т.б.) бағдарламаның іске қосылғаны жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Аталған ақпараттық материал жалған болып табылады және алаяқтық мақсатта жасалған болуы мүмкін", — делінген хабарламада.

Министрлік азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерін тексерілмеген сайттарда енгізбеуге, сондай-ақ тек ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін Цифрлық даму министрлігі Aitu мессенджерінің енгізілуіне байланысты елімізде шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпараттың таралуына байланысты түсінік берген еді.

Министрліктің мәліметінше, WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға еш тыйым салынбайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз