Желіде Батыс Қазақстан облысында 6 жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлағаны туралы ақпарат тарады. Күдікті ұсталды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қыз баланың ұрланып, зорланғаны туралы ақпарат Telegram желісіндегі Jagdai арнасында жарияланды. Желідегі ақпарат бойынша, анасы қызымен үйіне қайтып келе жатқан, жолда олар бір танысын кездестіріп қалған.
"Ол қызға балмұздақ сатып алып беремін деген, анасы қызын сонымен бірге жіберген", — делінген хабарламада.
Бірнеше сағаттан кейін қызы үйіне оралмаған соң, ата-анасы үрейленіп, полицияға хабарласқан.
"23 тамызда ауыл маңындағы орман белдеуінен жоғалған қыз бала мен ер адам табылды. Ол мас күйінде ұйықтап жатқан, ал бала ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер қызға жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын және қатты шокта болғанын растады. Белгілі болғандай, ер адам бұрын ұрлық жасағаны үшін түрмеде отырған, екі жыл бұрын бостандыққа шыққан", — делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 22 тамызда сағат 21:20-да аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ауыл тұрғынынан баласының жоғалып кеткені туралы арыз түскен.
Арызданушының айтуынша, баласы дүкенге өзінің танысымен бірге барып, оралмаған.
Дереу бірқатар жедел-іздестіру шарасы ұйымдастырылып, іздеуге полицияның барлық бөлімі жұмылдырылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 тамызда күдікті – 32 жастағы ер адам ұсталды.
"Ол кәмелетке толмаған баланың қай жерде екенін көрсетті. Қыз ауылдың сыртынан табылды", — деп хабарлады ведомстводағылар.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз