• 01-09-2025

Жәбірленуші кешірім бергеніне қарамастан Түркістанда фельдшерді ұрған азаматтың үстінен іс қозғалды

Түркістанда жедел жәрдем фельдшерін ұрған азамат қамауға алынды. 26 жастағы азамат қылмыс жасаған соң, тек екі күннен кейін ұсталып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға 26-сы күні Түркістан қаласында болған. Жүкті келіншектен шақырту алған жедел жәрдем фельдшері Құдірет Мүтәліповті тексеру кезінде пациенттің күйеуі келіншегіме қолың тиді деп сабап тастаған. Жабық бас жарақатын алып есінен танған 26 жастағы медицина қызметкері ауруханадан бір-ақ шықты.

KTK-ның жазуынша, екі жақ өзара келісіп, фельдшердің туыстары кешірім бергенімен, жұдырығы жуан сотқар жазадан құтылмайтын сияқты. Енді ол кемі екі ай темір тордың арғы жағында тергеушілерге жауап бермек.

"Түркістан қаласында шақыртуға барған медицина қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Полиция "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында құқыққа қайшы әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етілетінін атап көрсетемін. Қылмыстық іс менің бақылауымда". Мұрат Қабденов, Түркістан облысы ПД бастығы

Бұған дейін Астанада бірнеше алаяқтыққа қатысы бар күдікті анықталғаны хабарланған болатын.