Тіл туралы заң: қоғамдық тамақтану орындарына қандай талап қойылады?
Кез келген бизнес Қазақстан Республикасының тіл туралы заң талаптарын сақтауға міндетті. Ереже бұзылса, кли ...
«Кеген орман шаруашылығы» мекемесінде орманшылықты атадан балаға жалғастырып келе жатқан азаматтар бар.
Олар таңдаған мамандығына адал болуды мақсат етіп, кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Орманшы болу салқылмас төзім мен қажымас қайратты қажет етеді .
Берік Шарғынов Темірлік орманшылығында 13 жылдан бері еңбек етеді. Темірліктің жалпы аумағы жиырма мың гектарға жуықтаса, соның 7 мың гектары орман алқабы. Мамандар орманды молықтыру, өрт қауіпсіздігін сақтау және аң-құстарды қадағалаумен айналысады. 5 бала тәрбиелеп өсірген азамат қазір жергілікті колледждердің бірінде жастарды осы кәсіпке баулып жүр.
Берік Шарғынов, орманшы:
- "Темірлік» орманшылығы Тұйық деген ауылда мекендеген жер. Енді әкеміз 40 жыл сонда жұмыс істеген «Кеген» орманшылығында. 1972-де жұмысқа кіріп, 2012-де зейнетке шығып, денсаулығына байланысты о дүниелік болып кетті. Содан енді әке жолын қуу деген бар мақсатымыз. Өзімізге енді табиғатта жүру ұнайды әр қазақтың баласына. Өзіміздің туған жер ыстық.
Беріктің әріптесі Ринат Алпысбаев 2007 жылдан бері «Қарқара» орман шаруашылығында жұмыс істейді. Еңбек жолын қарапайым көлік жүргізушісі болып бастаған жас маман 2012 жылы орман күтушісі қызметіне ауысты. Кейін аң-құстарды қорғау маманы болып, осындағы өрт сөндіру бекетіне басшылық етеді. «Атам 1965 жылдан 2002 жылға дейін осында еңбек етті. Әкем де орманшы болды. Сондықтан өзім де бала күннен орманшы болуды армандадым», — дейді.
Ринат Алпысбаев, орманшы:
- Орманды таза ұстау, от жақпау, солардың бәрін ескертіп, бәрін өзіміз қадағалап жүреміз. Қазір енді атамыздың, әкеміздің ізін жалғастырып келе жатырмыз ғой осы жұмыспен. Ұнайды өзіме орман шаруашылығы. Тауға шығасыз мысал үшін. Мәселе серуендегенде емес, мәселе атпен жүру. Өзіңнің еңбегіңді көрсету.
Өз ісін адал атқарып жүрген қызметкерлердің еңбегін ерен. Әрі мұндағылардың бала күннен көргені осы орман шаруашылығы.
Айболат Сұлтанғазиев, "Кеген орман шаруашылығы" мекемесінің директоры:
- Менің өз басымда атам жұмыс істеген, әкем жұмыс істеді. Өзім де осы салада жұмыс істеп жатырмын. Династияның бір жақсы жері адам жанашырлықпен қарайды. Өйткені «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, туғаннан көріп өскеніміз осы орман ғой. Мысалы, біз осы саладан кеткіміз келмейді.
«Кеген орман шаруашылығы» мекемесінде 100-ден астам адам еңбек етеді. Соның 43-і орман күтушісі. Ал мусымдық кезіңде жұмысшылар саны 200-ге дейін жетеді. Олар тұқымбақта шырша көшеттерін өсіріп, оны тау бөктеріне егумен айналысады. Бір қуанарлығы соңғы кездері орманшы болғысы келетін жастардың қатары көбейген. Оған орманшылардың жалақысының өсуі мен материалдық-техникалық базаның жақсаруы да оң әсер еткен.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов