• 03-09-2025

Күн күркіреп, жел тұрып, жаңбыр жауады: Синоптиктер еліміздегі 2025 жылдың күзі қандай болатынын айтып берді

"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2025 жылдың қыркүйек, қазан және қараша айларында ауа райы қандай болатындығын айтып берді. Сарапшылар сонымен қатар болжам консультативтік сипатта екенін және маусым жақындаған сайын нақтыланатынын еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сонымен, маусымдық консультативтік болжамға сәйкес қыркүйек айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында, республиканың батыс өңірлерінде және елдің солтүстік-батысының жекелеген аудандарында – нормадан 1° жоғары, ал елдің солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстік-шығысында – нормадан 1° төмен күтіледі.

Норма: ҚР басым бөлігінде +10+16°С, елдің оңтүстік жартысында +17+21°С, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда +4+9°С.

Қазан айында үсік ықтималдығы артады, орташа айлық ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында нормадан 1° жоғары болжанады.

Норма: ҚР басым бөлігінде +3+9°С, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-батысында +10+14°С, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда -1+2°С.

Қараша айында республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, тек елдің қиыр оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында болжанады.

Норма: ҚР басым бөлігінде -7+1°С, елдің оңтүстігінде +2+7°С.

Сондай-ақ, метерологтар күзде жауын-шашын мөлшері негізінен көпжылдық мәндерге жақын болады деп болжауда.

Дегенмен, облыстар бойынша олардың таралуы біркелкі емес деп күтілуде:

  • қыркүйекте жауын – шашын республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Маңғыстау, Ұлытау, Қызылорда облыстарында, Түркістан облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Қостанай облыстарының қиыр оңтүстігінде, Қарағанды облысының батысында, Жамбыл облысының солтүстік-батысында нормадан аз (норма: ҚР басым бөлігінде 1-24 мм, елдің батысының, солтүстігінің, шығысының және оңтүстік-шығысының жекелеген аудандарында 25-42 мм, республиканың шығысындағы таулы аудандарда – 50-56 мм) болжанады;
  • қазан айында көптеген облыстарда жауын-шашын көпжылдық норма шамасында болады деп күтілуде, солтүстік-батыс бөлігінде, республиканың оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан жоғары (норма: ҚР басым бөлігінде 6-24 мм, елдің солтүстігінің, шығысының, оңтүстік – шығысының басым бөлігінде, республиканың батысының, орталығының, оңтүстігінің жекелеген аудандарында 25-49 мм, республиканың оңтүстігінің, оңтүстік-шығысы мен шығысының таулы аудандарында 50-64 мм);
  • қараша айында жауын-шашын елдің үлкен аумағында норма шамасында, елдің оңтүстік-батыс, орталық, шығыс, оңтүстігінің басым бөлігінде, Алматы облысының солтүстігінде және Жетісу облысында нормадан аз болады (норма: елдің басым бөлігінде 9-24 мм, ҚР оңтүстігінің, оңтүстік – шығысының жекелеген аудандарында 50-82 мм) күтіледі.

Бұған дейін 2025 жылдың 3 қыркүйегіне арналған Астана мен Алматыдағы айырбастау пунктеріндегі валюта бағамдарын ұсынған болатынбыз.