
1994 жылы Қазақстан тұңғыш рет дербес ел ретінде Олимпиада ойындарына қатысты. Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиадада 29 спортшы ел намысын қорғады. Ту ұстап шығу мәртебесі шаңғышы, бүгінде ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Биекеновке бұйырды. Ол Elordainfo.kz сайтына берген сұқбатында сол кездегі естеліктерін бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қайрат Биекеновтың айтуынша, Олимпиадаға қатысу бала күнгі арманы болған.
"Бірінші сыныпқа барған сәтте мұғалімдер әр баланың физикалық ерекшеліктеріне қарай түрлі қабылдап алатын еді. Мен шаңғы тобына жазылдым. Бірде мұғаліміміз армандарымыз жайлы жазуды тапсырды. Сол кезде Олимпиадаға қатысамын деп жазғаным есімде. Уақыт өте келе бастауышта жазған дүнием шындыққа айналды.
1993 жылы Еуропа кубогының қорытындысы бойынша отыздыққа кіріп, қысқы Олимпиадаға баратыным белгілі болды. Маған жаңа спорттық киім, аяқ-киім берді. Өмірімде алғаш рет су жаңа құрал-жабдық алғаныма ерекше қуандым. Себебі біз оған дейін қаржылық жағдайымыз қиын болғандықтан, барға қанағат тұтып жүрдік", — деп еске алды ол.

Қайрат Биекенов тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Олимпиадасында көк туды алып шығу – үлкен бақыт деп санайтынын жеткізді.
"Менің білуімше, бастапқыда туды Владимир Смирнов алып шығуы тиіс болған. Ол 1988 жылы Калгаридегі қысқы Олимпиадада 2 күміс, 1 қола иеленген. 1989 жылы әлем чемпионы атанған. Елімізден чемпиондыққа басты үміткер саналды. Алайда жарыс күні мен ашылу салтанатының арасы жақын болғандықтан, бас тартуға мәжбүр болды. Лиллехаммерге барған соң ғана ту ұстау құрметі берілгенін айтты. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Олимпиадасында көк туды алып шығу – үлкен бақыт әрі үнемі қуанышпен еске алатын жарқын естелік", — дейді ол.
Бұл Олимпиадада Қайрат Биекенов жүлдеге іліге алмады, ел құрамасынан Владимир Смирнов қана жүлде ала алды. Ол бір алтын екі күміс медаль еншіледі. Сол сәтті Қайрат Биекенов былай деп еске алды:
"Олимпиаданың ең соңғы күні бүкіл командамызбен Владимирді қолдауға бардық. Ол шаңғының ішінде ең жоғарғы деңгейі саналатын 50 шақырымда қарсыласынан 1 минут 21 секундқа озып, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы алтынын алып берді. Смирновтың оған дейін 50 шақырымда топ жармағанын ескерсек, бұл әрине ерекше жайт еді.
Биатлоннан Инна Шешкельдің қолда тұрған жүлдеден қағылғанын өз көзіммен көрдім. Инна Ресей шаңғышысы, 6 дүркін Олимпиада чемпионы Любовь Егорованың шаңғысын сұрап алды. Өзгенің шаңғысымен ол Олимпиада чемпионы атанып кетуге шақ қалды. Бірақ ол өзі де жүлдеге таласатынына сенбей, қобалжып кетті.
Екінші нысана көздеу кезінде 2 оғы мүлт кетсе де, барлығы өз қолында болды. Алайда мәреге 4 метр қалғанда, ол таяғына шалынып, құлап қалды. Салдарынан тек 4-орынды қанағат етті. Биатлонның сол кездегі халықаралық федерациясының президенті Иннаға "Жолы болмаған спортшы" номинациясын табыстады", — деп естеліктерді бөлісті.