• 21-11-2025

Елде 950 мың адам баспана кезегінде тұр

Биылғы жарты жылда елде 34 мың адам «Отбасы банкінің» түрлі шарттары арқылы ипотекалық несие алды.

Былтырдан бері баспана нарығында жасалған сату-сатып алу келісімшарттарының саны 12%-ға артып отыр. Ал экономистер күзге қарай әсіресе ірі қалаларда пәтер бағасы өсетінін болжауда. Тұрғындардың төлем қабіеті қандай, алдағы ахуал қалай болмақ?

Бақытжан Досаев 10 жыл бұрын шот ашты, салымды ай сайын үзбеді. Баспана құнының жартысын жинап, ең төмен пайызбен пәтер алды. Ол дәл осындай қам-қарекетті өзгелерге де кеңес етеді.

Бақытжан Мұсаев, қала тұрғыны:

- Отбасы бойынша шотты балаларымызға, жолдасымызға ашып, жинақтадық. Соның нәтижесі бүгін 50/50 бағдарламасы бойынша Астана қаласынан Жағалау ауданынан 4 бөлмелі пәтер алып жатырмыз. Баспаналы болу үшін ең маңыздысы жинақтау керек.

Бірақ ақша жинау оңай ма? Кедергі көп қой. Бұл мәселе жайында Жанар көп нәрсе айта алады. Мысалы, айлығының жартысы пәтер жалдауға кетеді. Қалғаны күнделікті шығыны, жүріс-тұрысы, тағы басқа тіршілік күйбеңімен «жоқ болады». Дәл қазір осы тығырықтан шығудың амалын іздеп жүр.

Жанар Ербол, қала тұрғыны:

- Қай жерге бармасаң да көп қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаның өзі 30-50%-дан басталады. Ал бастапқы жарнасыз ешқандай шарттар қарастырылмаған. Жастарға арналған басқа да бағдарламалар болса, жеңілдетілген күшті болар еді. Өйткені қазіргі инфляциямен пәтер алу қиындап бара жатыр.

Иә, инфляция ырық бермей келеді. Биыл да баспана 5-6%-ға қымбаттайды деген болжам айтылуда. Өйткені баға елдегі базалық мөлшерлемеге, ал ол өз кезегінде инфляцияға тікелей бағынышты. Қымбатшылықты экономистер осылай деп түсіндірді.

Айбар Олжай, экономист, сарапшы:

- Көптеген елдерде 1-2% қандай керемет деп айтқанда біз олардың инфляция 0,5% екенін ескеру керекпіз. Қазір біздің экономикалық жағдайымыз жоғарғы инфляция режиміндеміз. Жоғарғы базалық ставка режимі. Демек бізде бәрібір ипотека болсын, басқа болсын, тіпті мемлекет субсидиялайтын ипотеканың өзінде де 5%-дан кем процент бола алмайды. Ал коммерциялық ипотека кемінде 20% болады. Ол өте қымбат өнім. Оны әлеуметтік осал топтар болсын, тіпті жағдайы орташа адам болсын пайдалана алмайды, өйткені осынша жыл төлеу ол өте қымбат.

Бүгінде банктер ондаған ипотека түрін ұсынуда. Шарттары оңтайлы саналатын «Отбасы банк»-тің өзінде биылғы 6 айда 34 мың несие мақұлданған. Жалпы сомасы 690 млрд теңгеден асады. Оның ішінде былтыр іске қосылған «Наурыз» бағдарламасымен 118 млрд теңгеге ипотекалық қарыз берілген.

«Отбасы банк» АҚ ипотекасы

Жалпы — 34 000 келісімшарт

2025 ж. I жартыжылдығы - ₸690,2 млрд

Аралық тұрғын үй заемы — ₸390 млрд

Нарықтық тұрғын үй заемы — ₸55 млрд

«Наурыз», «Наурыз жұмыскер» — ₸118 млрд

Ал баспана кезегінде тұрғындар қанша? Биылдан бастап ел бойынша бірыңғай тізім енгізілген еді. Қазір онда 950 мыңға жуық адам бар.

Дария Батенова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиал директорының орынбасары:

- Өзінің және отбасы мүшелерінің атында 5 жыл үй болмаған жағдайда біз бірыңғай республикалық базаға енгізетін тіркеуге алып жатырмыз. Статистикаға жүгінетін болсақ, 2025 жылы 20 тамызда «Өркен отбасы.кз» порталында 302 119 адам тіркелген болатын. Одан басқа жергілікті атқарушы органдардан 643 415 адам кірді. Бүгінгі күні үйге мұқтаж 945 534 адам бізде тізімде тұр және оның саны күнделікті көбеюде.

Түйгеніміз, ипотеканың да қалта көтеретіні бар, көтермейтіні бар. Алайда осы күндері тұрғындардың төлем қабілеті төмендеді деп айтуға келмейді, — дейді экономистер. Ресми дерекке сенсек, кейінгі 1 жылда баспана нарығындағы сату-сатып алу келісімшарттары 12%-ға артқан.