• 21-11-2025

ҚР Еңбек министрлігі қазақстандықтарға зейнетақы төлеуді шектеуді жоспарлап отыр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "ҚР Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын дайындады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатта атап өтілгендей, Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнетақылар мен жәрдемақылар тек Қазақстанда тұрақты тұратын республика азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ шетелдіктерге беріледі.

Сонымен қатар, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың тұрақты тіркеуінің бар-жоғына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 100 мыңнан астам адамның тіркеуі жоқ екені анықталды.

Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнама аясында зейнетақы мен жәрдемақының бір бөлігі (30/70) немесе толық көлемі мемлекеттік толық қамқорлықтағы жекелеген алушыларға төленеді. Олар – қарттар мен мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде психоневрологиялық аурулары бар, стационарлық жағдайда Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында (АӘҚКО) тұратындар, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілер. Бұл төлемдер аталған мекемелердің арнайы шоттарына аударылады.

Министрліктің мәліметінше, мұндай қаржыландыру барысында мемлекеттік толық қамқорлықтағы алушылар мен өзін-өзі қамтамасыз ететіндер арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру мен көмек көлемінде теңгерімсіздік байқалады.

Өзін-өзі қамтамасыз ететіндер үшін азық-түлік пен бірінші қажеттілік тауарларына, коммуналдық қызметтерге, жол жүруге және басқа да шығындарға жұмсалатын қаражат көбінесе алынатын зейнетақы мен жәрдемақының мөлшеріне тең немесе одан да асып кетеді.

«Бюджет қаражатын нысаналы жұмсауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы мәліметтері расталмаған тұлғаларға зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды (оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдері, еңбек сіңірген жылдары үшін төлемдер, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және мемлекеттік жәрдемақылар) төлеуді тоқтата тұру ұсынылады», – делінген құжатта.

Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және аталған санаттағы тұлаларды әлеуметтік қамсыздандыруға қосарлы қаржыландыруды (күтіп-бағуға және зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге) болдырмау мақсатында, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген алушыларға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді олардың сол мекемелерде болған кезеңінде тоқтата тұру ұсынылады.

Құжат 24 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауына «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 2 миллион 492 мың жасына байланысты зейнеткер бар.

Бұған дейін Қазақстанда АӘК пен әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу жүйесін қайта қарау жоспарланып отырғанын хабарлағанбыз.