• 21-11-2025

Елімізде «Halyk орманы» жобасы іске қосылды

Елде ормандарды қалпына келтіру және жасыл желектерді көбейту жұмыстары жалғасып жатыр , деп хабарлайды 24kz.

Осы мақсатта Halyk қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, «Halyk орманы» деген жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісті.

Тимур Құлыбаевтың қоры 4 миллион ағаш отырғызу үшін «Halyk орманы» жобасына 1 млрд теңге инвестиция құйды. Көшеттер елорданың жасыл белдеуінде, «Семей орманы» табиғи резерваты мен Іле Алатауы ұлттық паркіне егіледі.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Семей орманында 2022 жылы өртенген орманның көлемі –60 мың гектар. Қазір көптеген жеке компаниялар ағашты кесіп, гүлдеп, бөлініп шығаруды бастадық. 63 мың гектар жерді осы болашақта 10 жылда толығымен қалпына келтіреміз деп ойлаймыз. Осы бөлініп жатқан қаражатты тиімді қолдансақ, бұның тигізетін ықпалы осы қоршаған ортамызға өте зор.

«Halyk орманы» жобасы қордың жүйелі экологиялық бастамаларының жалғасы. 2027 жылға дейін әр өңірдің табиғи ерекшелігіне қарай қарағай мен балқарағай секілді басқа да ағаш түрлері өсіріледі.

Үміт Шаяхметова, Halyk қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі:

- Жыл сайын еліміздің үш облысында 800 мыңнан астам көшет отырғызылады. Бұл іске еріктілермен қатар орман шаруашылығы мамандары және Halyk Bank-тің 16 мыңнан астам қызметкері де жұмылдырылмақ. 2020 жылдан бері Halyk қоры арқылы қайырымдылық мақсатында 85 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Айта кетейік, Президент мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд. түп ағаш егу тапсырмасын берген. Бүгінде 1 миллиардтан астам ағаш отырғызылды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Мадияр Қындыбаев, Дмитрий Димитриев