Мәскеудегі әйгілі Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.
Салтанатты іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ресейлік әріптесі Ольга Любимовамен бірге ашты. Осылайша көрші Ресей елінде Қазақстанның мәдени күндері бастау алды. Қазақ өнерінің мерекесі аясында тағы қандай шаралар жоспарланған?
«Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрмені Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бір жыл бойы әзірледі. Ол XX ғасырдағы талантты шеберлердің 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындыларын қамтиды. Көрме 23 қарашаға дейін жалғасады. Келушілерге белгілі қазақстандық мүсіншілер Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаевтың еңбектері ұсынылады.
Екатерина Резникова, өнертану ғылымдарының кандидаты:
- Негізгі туындылар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардан сыр шертеді. Аң аулау, бие сауу, айтыс өнерінің көріністері де бейнеленген. Көздің жауын алатын картиналар мен пейзаждар да бар. Мұның бәрі қазақ жерінің тыныс-тіршілігін сипаттап, толыққанды ақпарат береді.
Владислав Власов, суретші:
- Мұнда қазақстандық жанр түгелдей қамтылған. 30, 40-жылдардың басында Черкасский, Колмаков, Айтбаев дүниеге әкелген туындылар бар. Заманауи бірегей суретшілердің жұмысын да көрдік. Осылайша бұл саланың қаншалықты дамығанын анық байқауға болады.
Мәскеу жұртшылығы Қазақстанның киноиндустриясымен де жақынырақ таныса алады. Ресей астанасында «Қазақстандық кино күндері» бастау алды. 13 қазанға дейін талғамы биік көрерменнің көңілінен шыққан «Время патриотов», «Тоқта, түн!», «Дос-Мұқасан», «1941 жылдың жазы», «90+1» фильмдері мен «Алтын адам» мультфильмі көрсетіледі.
Дмитрий Давиденко, кинотанушы, РФ Мәдениет министрлігі Кинематография және цифрлық даму департаментінің директоры:
- 1941 жылы Мосфильм, Ленфильм сияқты біздің үлкен киностудияларымыз Алматыға көшірілгені есімізде. Сол жерде маңызды, қажетті деген фильмдеріміз түсірілді. Бірлескен фильмдер шығару дәстүрін жалғастырғымыз келеді.
Ресейдегі Қазақстанның мәдени күндері қараша айында қазақстандық өнерпаздардың гала-концертімен мәресіне жетеді. Ал келесі жылы Ресей өз мәдениетін Қазақстанда паш етеді.
Мөлдір Жақан, Наргиз Рахимжан, Алексей Мжельсикй, Олег Стопкин