• 21-11-2025

"Үкімет отырысында әрең отырдым": Депутат денсаулығы туралы айтты

Халық қалаулысы ауруханаға қаралып жүр.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Үкімет сағатындағы оғаш әрекетіне түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Депутат болсаң осы ғой. Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ. Мына видео алдымнан шыға берді. Жұрт жарыса маған жіберіп жатыр. (...) Өз оқырмандарыма айтайын, Үкімет отырысында әрең отырдым. Себебі белімде біраздан бері протрузия (L-5, L-6) бар еді. Белімнің сақинасы айналып кетті ме, әлде "грыжаға" айналды ма, қазіргі кезде отырсам да, жатсам да белім шыдатпайды. Үкімет сағатынан кейін ауруханаға барып, укол салдырдым", – деп жазды Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Депутаттың сөзінше, МРТ-ға орын болмай, келесі аптаға жазылған.

"Уколдың әсерімен әрең үйге жеттім. Мені сүйреп апарған көлік жүргізушісіне үлкен рақмет", – деді ол.

Айта кету керек, дүйсенбі күні Ішкі істер министрлігінің ғимаратында Үкімет сағаты өткен болатын.