Мәжіліс депутаттары қамаудан босап шыққан барлық адамды әкімшілік қадағалауға алу қарастырылған жаңа заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді мақұлдады. Қазіргі уақытта бұл норма тек педофилдерге, лаңкестерге және қайталап қылмыс жасағандарға қатысты қолданылып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәжіліс "Құқық бұзушылық прафилактикасы туралы" жаңа бірыңғай заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын Ішкі істер министрлігі мемлекет басшысының халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау және құқық бұзушылыққа бейім тұлғалармен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әзірлеген.
Заң жобасында жеке профилактикаға ерекше мән беріледі. Құқық бұзушылықты ерте анықтау және алдын алу үшін қосымша жеке шаралар енгізіледі. Олар: ресми ескертулер, цифрлық отбасы картасы арқылы жеке тұлғаларды тіркеу, кәмелетке толмағандарға тәрбиелік қолдау көрсету және ықтимал құрбандармен байланысқа тыйым салу. Бұл шаралар қауіпке дер кезінде ден қоюға және бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Жеке алдын алу шаралары қолданылатын құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалардың тізімі кеңейтіледі. Құқық бұзушылық жасау ықтималдығы жойылғанға дейін "қасақана құқық бұзушыларға" қатаң профилактикалық шаралар қолданылады.
Сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған барлық тұлғаларға әкімшілік қадағалау енгізіледі (қазіргі уақытта бұл тек педофилдерге, лаңкестерге және қайталап қылмыс жасағандарға қатысты). Бұл шара олардың әлеуметтік нормалар мен оңалту шарттарын сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік оңалту олардың дұрыс жолға түсуіне көмектеседі.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз