• 14-03-2025

Баланы шектен тыс өбектеу әлсіз адамдарды көбейтеді

Суицид – әлем жұртшылығы үшін ең өзекті әлеуметтік және психологиялық мәселенің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметіне сенсек, кейінгі жылдары елімізде өз-өзіне қол жұмсаушылардың саны өсіп келе жатқаны алаңдатады. Әсіресе әскери қызметкерлер мен сарбаздар арасындағы суицид пен ер-азаматтардың менталдық саулығы қашан да өзекті сипатқа ие. Осы жөніндегі сауалымызды Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығының директоры Сапар РАХМЕНШЕЕВКЕ қойған едік.

– Сапар Құттыбайұлы, өткен жылы бір топ психолог-маман оңтүстік өңірлерде әскери борышын өтеп жүр­­­ген сарбаздардың көңіл-күйі мен ауто­дес­труктивті ахуалын зерделеу мақ­­са­тында зерттеулер жүргізгенінен хабар­­дармыз. Мамандар қандай тұжы­рымдар жасады?

– Өткен жылы осы зерттеулердің нәтижесінде нұсқаулық та жарық көр­ді. Жалпы тәжірибеде әскердегі қатаң талаптар мен түрлі факторлардың өзі экстремалды жағдаймен теңестірілетіндік­тен, бұл педагогикалық қарым-қатынас­­тың ең күрделі түріне жатады. Жауынгер­лік ұжымдардағы суицидтік жағдай­дың алдын алуға кейде командирлер­дің психологиялық-педагогикалық да­йындықтарының жеткіліксіздігі кедергі келтіреді. Әскери бөлім басшылары жекелеген сарбаздардың күйзеліске түскенін бақылап, оң шаралар қабылдаудың орнына, дөрекі қадамдарға барып жататыны белгілі.

Мінез-құлықтағы ауытқулардың, оның деструктивті түрлерінің алдын алу­ға бағытталған іс-шараларды әзір­леу мақсатындағы психологиялық, пси­хо­метриялық зерттеулерді Алматы қала­лық психикалық саулық қызметінің жол картасы аясында «Қазақ-Ресей меди­ци­на университеті» МЕББМ психиатрия және наркология кафедрасының қызметкер­лері мен «Психикалық саулық орталы­ғы» ШЖҚ МКК психологтері бірлесіп, Алматы облысының 3 әскери бөлімін­де мерзімді әскери борышын өтеп жүрген ­943 сарбаздың арасында жүргізді. Мер­зім­ді әскери борышын өтеу ұзақтығы ескеріле отырып, сарбаздар екі топ­қа бөлінді. Бірінші топтағы 539 сарбаз ­(57,2%) 1-2 ай, екінші топтағы 404 сарбаз ­(42,8%) 6-8 ай әскерде болғандар. Нәтижесінде, ­943 сарбаздың 429-ында (45,5%), яғни жар­тысынан азының көңіл-күйі қалып­ты екендігі байқалып, 514-інде (54,5%) мазасыздық, әртүрлі деңгейдегі күйзеліс пен мінез-құлықтың аутодеструктивті түрлері сынды белгілі бір аффективті ауытқу анықталды. Тексерілгендер­дің 323-інде (62,8%) көңіл-күйінің нашар­лы­­ғы, дегбірі қашу, ангедония – қуану, ләззат а­лу қабілетінің төмендеуі, жоғалуы салда­рынан туындайтын ішкі жайсыздық сезі­мі, 129-ында (25,1%) әлсіздік, летаргия, өмір­ге қызығушылықтың төмендеуінен туын­дайтын дәрменсіздік түріндегі күйзеліс­тің субклиникалық деңгейі байқал­ды. Екі топтың ұқсас көрсеткіштерін салыс­тырмалы түрде талдау олардың айыр­машылығын анықтауға мүмкіндік берді, яғни аутодеструктивті мінез-құлыққа бейім сарбаздардың басым бөлігін әскерде 6-8 ай жүргендер емес, 1-2-ай болған сарбаздар құрайды.

– Жалпы, адамның өзін-өзі жазалау әдісі бірден пайда болмасы анық. Осындай қайғылы оқиғалардың ішін­де әлімжеттіктен бөлек, махаббаттағы сәтсіздік, тіпті несие мәселесі де кез­десіп жатады емес пе?

– Адам өмірінде психикалық ауыт­қу мен түрлі күйзеліс өршитін ке­зеңдер бар, соның бірі – жасөспірімдік шақ, жыныстық жетілетін 15-20 жас аралығындағы кезең. Адамның өзіне-өзі қол жұмсауы, суицидтік оқиғалар осы кезеңде жиі болады. Осындай дағдарыс­тық кезеңде әскерге алынған жастардың қиындықтармен күресу мүмкіндігі, мүлде жаңа жағдайға үйренуі тұлғалық дамуы мен өмірлік тәжірибесіне байланысты.

– Ата-ананың ажырасуын, әсіресе, отбасыдан әкенің кетуін ер балалар психологиялық тұрғыдан өте ауыр қабыл­дайтын сыңайлы...

– Балалық шақтан қалған жан жарақа­ты адамдардың тағдырына айтарлық­тай кесірін тигізеді. Әу баста толық отбасын­да өскен бала әке-шешесі ажырасқан кез­де қатты қиналады. Егер әкесі басқа адам­мен көңіл қосса немесе анасы тастап кеткенде, бала ауыр күйзеліске душар болып, жаны сыздап, мұны сатқындық деп қабылдайды. Әкесін немесе шешесін бас­қа отбасынан қызғану, жек көру, сағы­ну, торығу, сыныптастарының мазағы міндет­ті түрде әсер етеді. Жылдарға созылатын ­бұл жағдайдың салдары менталды саулықтан көрінбей қоймайды.

Қай тұрғыдан келсеңіз де, бұл – күр­делі мәселе. Оның үстіне қазір балаға шектен тыс жағдай жасап, шектен тыс өбектейміз. Мысалы, бала кезімізде өз бетімізше далада футбол ойнап, қыста мұз айдынын жасап, хоккей ойнап, шекісіп, қайта достасып өстік. Қазір бір бала құлап қалса, басқалары әкесі не шешесі келгенше қарап, күтіп тұрады. Бұрынғының балалары құласа да, жыласа да, осы жағдайдан өз беттерімен шыға алатын. Біз баланы тым аяған сайын әлсіз ете түсеміз. 18-20 жыл осындай жағдайда өскен жігіт ешкім өбектемейтін, темірдей тәртіп қалыптасқан әскерге барғанда қандай жағдайға тап болатынын елестете беріңіз. Әрине, бұл жаппай ахуал деуге болмайды, бірақ көпшілігі сондай. Меніңше, «ер бала – елдің қорғаны» дегенді санаға құйып, қайрап, жігерлендіріп тәрбиелеу жетпей жатқан секілді.

– Көп жағдайда адамдар күйзелістен, түрлі жағдайдан кесел тауып, өзіне өзі көмектесе алмайтын дәрежеге жетсе де, психиатрларға барып қаралудан тартынады. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Өз тәжірибемде жылдар бойы эмоционалдық проблемалардан зардап шегіп жүрсе де бі­лікті маманнан көмек сұрауды кейінге шегере беретін жандарды жиі кездестіремін. Не­ге бұ­лай болып жатыр? Бі­рін­ші фактор – қорқы­ныш. Көп адам психологке немесе психиатрға жүгінгенде оларды «әл­сіз» немесе елдің жүй­кесі жұқарған деп қабыл­дауынан қорқады. Біз­дің қоғам әлі де болса пси­хи­ка­лық кінәратта­ры бар адамдарды алалау, кем­сіту, оқшаулау, қуда­лаудан арылмаған. Яғни адамдар психо­лог­ке барған­нан кейін әлеу­меттік оқшаулануға ұшыраудан қорқатындықтан, ба­сын­дағы қиын­дықтарын жасырып жүре бергенді жөн көреді. Екінші тосқауыл – мамандарға сенбейді. «Мені ешкім түсінбейді», «Олар менде бәрі дұрыс деп ойлайды, ал бұл дұ­рыс емес» деген сынды ойлар жарақат алған немесе ұзақ уақыт бойы жағымсыз эмоциялар жинаған адамдарда жиі кездеседі. Оларға бұл мәселе күрделі, шешілмейтін сияқты көрінеді. Нәтижесінде, психологтің көмегіне зәру адам жақындарынан сөз естіп, қоғамнан шеттеп, арнайы маманның қабылдауы­на жазылудан қорқады. Үшінші фактор – өз бетінше күресуге талпынады. Көбі маманға жүгінуді жеңілу, әлсіздіктің бел­гісі деп санайды. Мұндай пациенттер өздігінен қиын кезеңдерді еңсере алаты­нына, уақыт өте келе «бәрі жақсаратыны­на» сенеді. Бірақ, өкінішке қарай, мәселе, дерт өздігінен жойылмайды. Тағы бір себеп – өз сезімдерінен ұялу. Адамдар менталды саулығында кінәрат бар екенін мойын­дауға қорқады. Тіпті, көмекке мұқтаж еке­нін айтуға ұялады. Бұл тәрбие­мен, мәдениетпен немесе «бәрі дұрыс болуы керек» деген сеніммен байланыс­ты болғандықтан, маманның қабылдауы­на барып, ашылудан арлануы мүм­кін. Тіпті қайда жүгінетіндерін білмей­тін пациенттер де бар. Психологиялық тұрғыдағы көмекті насихаттау, ақпарат әлі де жеткіліксіз.

Ересектерге қарағанда балалар мен жасөспірімдер қиын эмоционалды, пси­хикалық проблемаларды басынан ауыр өткереді. Біз осыны көп елей бермейміз. Балалар мен жасөспірімдердің жүйке жүйесі ересектермен салыстырғанда басқа, симптомдары білінбеуі мүмкін.

Бірде менің қабылдауыма тұйық, оқуға ынтасы жоқ, достарымен байланысын доғарған он жасар бала келді. Бұған дейін көңілді, белсенді ұлдың өзгергеніне ата-анасының жүзінен алаңдаушылық байқалады. Баламен жұмыс барысында мектептегі қиындықтар мен сыныптас­тар арасындағы түсініспеушілік оның психикалық саулығына кері әсер еткені анықталды. Балалар көбінесе эмоцияларын сөзбен жеткізе алмайды. Олардың мінез-құлқындағы теріс өзгерістер тек оқшаулану, агрессия, реніш, қарым-қатынастан бас тарту түрінде көрінеді. Екіншіден, көбінесе жасөспірімдерде дегбірсіздік, тағатсыздану деңгейі жоғары болады. Оқуда, спортта жетістікке жеткен он алты жастағы жігіт кенеттен әлеу­меттік ортадан алшақтай бастайды, сырттан шабуылдар мен сәтсіздік қорқынышын сезінеді. Сондай-ақ ата-аналар арасында баласының аутизм спектрі немесе зейін тапшылығының гиперактивтілігінің бұзылуынан зардап шегетінін байқамайтын жағдайлар бар. Байқалмаған, дер кезінде анықталма­ған, емделмеген психикалық ауытқулар қоғамның әлсіз мүшелерінің санын арттыратындықтан, маманға қаралып, ерте емделгені абзал.

Балалар мен жасөспірімдердегі пси­хикалық ауытқудың өзіндік ерекшелі­гін ерте бастан білген дұрыс. Олар тұйық­талып, оқшауланып, тіпті озбырлық танытады немесе керісінше тым көңілді, яғни көңіл-күйі құбылмалы болуы мүмкін. Ата-аналар мен мұғалімдер баланың бо­йындағы мұндай өзгерістерге «өтпелі кезең» немесе «сүйекпен сіңген мінез» деп мұқият болғаны абзал. Дер кезінде емделмеген психикалық ауыт­қулар уақыт өте келе психикалық сау­лыққа, баланың тұлға ретінде жетіліп, дамуына қауіп төндіреді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»