• 30-04-2026

Ақтөбе облысындағы жол апаты: вице-премьер зардап шеккендерді Астанаға жеткізуді тапсырды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия мүшелеріне тапсырмалар берді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қазіргі жағдай туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов баяндады.

Алты адам Ақтөбе облысы Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Екі адамның жағдайы ауыр, төртеуінің жағдайы орташа.

Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиация арқылы тасымалдауға болатын барлық зардап шеккендерді Астанаға жеткізіп, қажетті ем ұйымдастыруды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және Ақтөбе облысының әкіміне қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетуді тапсырды.

Жол-көлік оқиғасының себептерін жан-жақты тергеумен Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы айналысуда, қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігіне вице-премьер "Самара – Шымкент" трассасының қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Айта кетейік, бүгін, 23 қазан күні сағат 08:40-та республикалық маңызы бар "Самара – Шымкент" автожолының 927-шақырымында, Белқопа ауылының маңында жантүршігерлік жол апаты болды. "DAF" жүк көлігі қарсы бағытта келе жатқан "Газель" жолаушылар көлігімен соқтығысты. Жол апаты салдарынан екі автокөліктің жүргізушілері мен Ақтөбе облысының он тұрғыны (оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала) оқиға орнында қаза тапты.

Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау және тергеу жүргізу үшін өңірге ІІМ орталық аппаратынан арнайы топ жіберілді. Тергеу барысын ішкі істер министрі жеке бақылауына алды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз