
Қазақ қашаннан кеңдігімен, елдігімен, сан бояулы салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Ұлтымыздың ұлылығын нақыштайтын қанға сіңген қасиет, әдет-ғұрыптар бойтұмар сынды сан ғасырдан бері жасап келеді. Әсіресе күн мен түн теңеліп, Самарқанның көк тасы жібитін, қазан оттан түспейтін, Жер-ана бусанып, тіршілік атаулының тамырына қан жүгіретін Ұлыстың ұлы күнінің тарихи һәм ұлттық маңызы орасан. Қазіргідей жаңа заманға, жаңа қоғамға, жаңа уақыттың ағысына сай дәстүрге айналған мерекенің де жалпыхалықтық сипаты өзгеріп келеді. Жаһандану кезеңінде мұндай өзгерістердің болуы да заңдылық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырау атырабында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайда көптеген елдік мәселені сөз етті. Соның ішінде ұлттық бірегейлік пен құндылыққа айрықша тоқталды.
«Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», деп айтқан еді.
Осы жиында Президент ұлттық мерекені тойлаудың жаңаша тәсілін қарастыруды тапсырған еді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысын әзірледі. Тұжырымдамаға сәйкес Көрісу күнінен басталған ұлық мереке он күн тойланып, Тазалық күнімен түйінделді.
Иә, Президент айтқандай, Наурыз – елдіктің дәстүрі, жаңару мен жаңғырудың рәмізі. Қазір заман өзгерді, соған байланысты қоғамдық сұраныс та жаңарды. Жаһандану үдерісі, технологиялардың үздіксіз дамуы, интернет, тіпті жасанды интеллект ел алдына жаңа саяси, әлеуметтік мәдени талап қойып отыр. Әз Наурызды тойлағанда да мына факторларға мән беруіміз қажет. Ең алдымен, Наурыз – еңбектің атаулы күні, еңбек адамының мерекесі. Наурыз ескіден арылып, жаңа жолға түсудің, жаңаша дамудың, жаңаша ізденудің жолы. Ұлыстың ұлы күні – халқымыздың мәдени бірлігін қалыптастырушы фактор ретінде ортақ құндылық. Яғни ұлық күнді мерекелеудің жаттанды үрдісінен бөлек шынайы қазақы болмыстың, табиғаттың, күн мен түннің теңесуінің, жастардың арасында құнды минимализм, экологиялық мәдениет, ысырапшылдықтан арылу сынды ғадеттер мереке мазмұнына жаңа бояу қосары анық.
Жалпы, Мемлекет басшысы қай кезде де еліміздегі мерекелік күндерді атап өтуде «той тойлаудан гөрі, ой ойлау маңызды» дегенді баса айтады. Ұлыстың ұлы күнін атап өтерде де осы тәмсілдің маңызына тереңдей мән бергеніміз жөн. Наурыз жасандылық пен науқаншылдықтан, дабыралықтан алыс, мазмұнды, халыққа, әсіресе өскелең ұрпаққа танымдық сипатта пайдалы іс-шаралар аясында өтсе, рухани маңызы арта түсері сөзсіз. Өнер қайраткерлері бұл мерекеде ұлттық құндылықтарымызға, соның ішінде сан ғасырдан үзілмей келе жатқан ән мен күйімізге басымдық берілуі керек дейді.
Этнограф Жамбыл Артықбаев та жаңа форматтың енгізілуін қуантарлық жаңалық деп есептейді. Осы орайда ғалым мектеп оқушыларының демалысын 14 наурыз бен 23 наурыз аралығына ауыстыруды ұсынады. Оның пайымдауынша, мұндай қадам әз Наурызды халықтық тұрғыда тойлауға жол ашады.
«Халқымызда баяғыдан келе жатқан баталасу дәстүрі бар. Бұл – ұлт ұйыстыру саясатының бір тетігі. Ертеде қазақтың тайпалары мен рулары жиналып, ант беріп, баталасып, ел болды. Оған жүздеген мысал келтіруге болады. Наурыз мерекесінде осы дәстүрді қайта жаңғыртсақ, артық болмайды. Өйткені елімізде бірталай этнос өкілі тұрады. Қысқасы, Ұлыстың ұлы күнінде баталасуды көтеруіміз керек. Елдің татулығын осылай сақтауға болады. Қазір халқымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық, түрлі кикілжің көбейіп барады. Біз әуелден кеңпейіл, дарқан халық едік. Құшағымызға барлығын тарттық. Солай өмір сүріп келдік», дейді Ж.Артықбаев.
Ұлық мерекені жаңаша тойлау, ең алдымен, сан ғасырдан бері тойланып келе жатқан мерекенің құндылығын арттырып, сол арқылы ұлттық рухты көтеру мақсатын көздейді. Халыққа Наурыздың тек мерекелік сипатын ғана танытпай, тарихи маңызы мен танымдық қырын көрсету. Даңғазалықтан рухани ізге түсу, ұлттық болмысымызға үңілу, өзімізді тану, өткенді еске алу.
Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғалидің пікірінше, әз Наурыздың жаңаша форматта тойлануы мерекенің мән-мағынасы мен мазмұнын байытады.
«Меніңше, Наурыздың дәстүрі өзіне толық жетеді. Мысалы, қазақта «Алтыбақан» деген ойын бар. Негізі ол ойын емес. Күн мен түннің теңелуіне арналған маятник. Қыз дегенің – ай, жігіт дегенің – күн. Мысалы, алтыбақан кешқұрым құрылады да, таң атқанша тербеледі. Неге? Таңды қарсы алған. Мысалы, наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түннен бас таңды қарсы алуға болады. Рим тарихшысы өз еңбегінде: «Сақтар бас таңды қарсы алғанда 60 баланы қызыл мауытқа киіндіріп, тоғыз күй тартқан», деп жазыпты. Көрнекті этнограф Жағда Бабалықұлы қытайдың көне еңбектерінде: «Ғұндардың қағаны бас таңды қарсы алғанда тоғыз күй орындалды», деп жазғанын айтады. Бас таң деп күн мен түннің теңелгенін айтамыз. Наурыздың үш қағидасы бар: жеті дәм, жеті үн, жеті өң. Жеті дәм наурыз көжеден басталады», дейді ол.
Сонымен, былтырдан бері жаңа форматта, жаңғырған сипатта тойлана бастаған Наурыз мерекесін қоғам жылы қабылдағанын байқадық. Зиялы қауым өкілдері де, қарапайым тұрғындар да он күн бойы өткізілген іс-шараларға белсене араласты. Сол тұрғыда қазақтың ежелгі жаңа жыл тойлау салты Наурызнаманы жаңғырту сәтті жүзеге асып, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпыхалықтық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала түсті деуге толық негіз бар. Әрине, Ұлыстың ұлы күнін жаңаша тойлауға қатысты жан-жақты бағыттағы ұсыныстар әлі де талқыға түсіп, қабылданары анық.