Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы саяси жүйенің даму бағыты мен конституциялық өзгерістер туралы айтты.
Президенттің айтуынша, еліміз қазіргі алмағайып кезеңде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін мықты президенттік басқару жүйесін сақтауы қажет.
"Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жуырда Парламентті реформалау жөнінде бастама көтергенін еске салды. Бұл қадам елдегі саяси үдерістердің ашық және жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
"Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүргізілген жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Конституцияға енгізілетін түзетулер Парламентке ғана емес, Президент пен Үкімет институттарына да қатысты болмақ. Бұл өзгерістердің ауқымы жаңа Конституция қабылдауға тең екені де атап өтілді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуы үшін президенттік басқару жүйесінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс. Бұл – еліміздің сенімді келешегінің кепілі. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр", – деді Президент.
Ол сондай-ақ кейбір сарапшылардың және саясаткерлердің үстірт пікірлеріне еріп, мемлекеттілікті қатерге тігуге болмайтынын қадап айтты.