Арменияға бидай экспорты артады
Биыл біздің ел Арменияға бидай жөнелте бастады, деп хабарлайды 24KZ. Айдың басында алғашқы мың тоннасы 15 в ...
35 жыл бұрын 25 қазанда — тәуелсіз Қазақстанның негізі қаланды.
Бұл күн елдің өз тағдырын өзі шешуге қабілетті, дербес ел екенін айқындайтын маңызды мереке. Республика күні – тәуелсіз Қазақстанның болашағына сенімді қадам жасап, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын қастерлі күн.
Қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан «Мемлекеттік егемендік туралы» декларацияның қабылданғанына биыл – 35 жыл. 1990 жылдың 25-қазанында қабылданған декларация Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін жариялап, оның егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғашқы заңнамалық негізін қалады. Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдардан бергі табысы толағай. Әсіресе экономикалық өсу, саяси тұрақтылық, халықаралық байланыстар мен ұлттық мәдениетті дамыту салаларында елеулі ілгерілеу бар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы ішінде бірталай үлкен жұмыстар жасадық. Әсіресе соңғы жылдары өздеріңіз білесіздер мемлекетімізді жүйелі түрде реформалауға бағытталған Президентіміздің бастамасымен көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде біздің тәуелсіздігіміз жаңа деңгейге шығып, мемлекеттілігіміз күшейіп Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде әлемде өз орнын алып жан-жақты саясат жүргізіп келе жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық көрермендерді келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын. Бұл еліміздің негізгі ұлттық мейрамы.
Тағдыр шешті құжатта еліміздің дербестігі, ішкі және сыртқы саясаттағы тәуелсіздігі, заңнамалық, экономикалық және мәдени дербестігі анық көрсетілді.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Республика күнінің маңызы деген ерекше. Биыл 35 жылдығын атағалы отырмыз. Мен заңгер ретінде декларацияны оқып, танысып, таңқалған адаммын. 1990 жылы СССР құрамында тұрған Қазақстан мынадай маңызды құжатты қабылдау деген өте үлкен ерік-жігерді қажет етеді.
Енді елдегі жалғыз ұлттық мейрамның тарихына көз жүгіртсек. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ. Тек 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Президент оған «ұлттық мереке» мәртебесін берді. Сөйтіп 2022 жылы отандастарымыз ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет атап өте бастады.
Дулат Құсдәулетов, ҚР «Заңнама және құқықтық ақпарат институтының» аға ғылыми қызметкері:
- Біздің мемлекеттің бағыты қандай болатынын, оның ішінде биліктің үш тарапта бөлінетіні айтылған. Бүгінге дейін Декларацияның айтылған бағыттары қазір іске асырылып жатыр деп айтуға болады.
Тәуелсіздік алғалы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштады. Оның ішінде денсаулық сақтау саласының да көші ілгерлей түсті. Ана мен бала өлімін азайтуға бағытталған ілкімді жобалар жүзеге асты.
Дәулетхан Есімов, Қазақстан медициналық ұйымдар альянсының басшысы:
- Медицинаның қазір қандай сатыға, қандай деңгейге көтерілгені көрініп тұр. Қазір біздің медицина саласы. Орталық Азия елдері арасында Қазақстан медицинасы өте жоғары көтеріліп отыр. Салалардың алдыңғы қатарында кардиохирургия дүние жүзінің 35 елінің ең дамыған мекемелерінің бірі саналады. Күрделі операцияларда бірінші орына алады. Сонымен қатар нейрозирургия, онкология орталықтары бар.
Қазақстан алғашқы жылдардан-ақ БҰҰ толыққанды мүшесі атанды. Одан кейінгі кезеңде 30 астам аймақтық және халықаралық ұйымдармен екіжақты және көпжақты келісімдер жасап, жаһандық институттармен ынтымақтастық орнатты.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов