"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев 30 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ақылы автожолдардан түскен кіріс туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде республикалық маңызы бар ұзындығы 4883 шақырым болатын 26 ақылы жол учаскесі пайдалануға берілген.
"2025 жылдың тоғыз айында ақылы жолдардан 62 млрд теңге түсті. Бұл қаражаттың барлығы толықтай осы жол учаскелерін күтіп ұстауға және техникалық паркті жаңартуға бағытталады", – деді Дархан Иманашев.
Сонымен қатар ол республикалық жолдар бойында шамамен 1500 жол бойы қызмет көрсету нысаны жұмыс істейтінін, олардың 93%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай келтірілгенін айтты. Есепті кезеңде 33 жаңа нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында жанармай құю бекеттері, қонақүйлер, тамақтану орындары мен санитарлық-гигиеналық кешендер бар.
"Жол пайдаланушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылы дәретханалар, шағын дүкендер мен кафелер бар 30 жаңа санитарлық-гигиеналық модуль орнатылды. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 155-ке жетті. Алдағы уақытта олардың санын кезең-кезеңімен арттырып, ескірген маусымдық нысандардың үлесін азайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына арналған біртұтас дизайн-код енгізу жұмыстары жүргізілуде. Ол бірыңғай түстік және сәулеттік стильді қамтиды", – деп қосты "ҚазАвтоЖол" басшысы.
Бұған дейін Жетісуда полицейлер алаяқтарға алданған зейнеткерге ақшасын қайтарып бергенін жазғанбыз.