• 13-03-2025

Марадонаны емдеген дәрігерлерге көп жылға сотталу қаупі төнді

Оларға "өз ісіне ат-үсті қарады" деген айып тағылып отыр.

Аргентинаның аңыз футболшысы Диего Марадонаның өлер алдында қамқоршысы болған медицина қызметкерінің ісі бүгін сотта қаралады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Дәрігерлерге жұмысына адалдық танытпағаны үшін жауапкершілік жүктеліп отыр. Егер олар өз ісін жеткілікті деңгейде атқарса, әйгілі футболшының көз жұмбауы мүмкін еді. Яғни,олардың ісі байқаусызда кісі өлтіру бабы бойынша қаралмақ. Осылайша, Марадонаның өлер алдында қамқоршысы болған 8 медицина қызметкерінің жетеуінің ісі сотта қаралады.

Еске салайық, даңқты ойыншы 2020 жылдың 25 қарашасында қайтыс болды. Бұған дейін оған миындағы қан ұйығын алып тастау үшін ота жасалған еді.

Прокуратура футболшы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай дәрігерлер мен медбикелерге қатысты тергеу амалдарын бастады. 2021 жылы Марадона өлімінің мән-жайын зерттеген 20 сарапшыдан тұратын комиссия медициналық топтың әрекетін "орынсыз, жеткіліксіз және жауапсыз" деп тапқан.

Сарапшылар "медициналық мекемеде дұрыс емделгенде, аты аңызға айналған футболшының (Марадона үйінде қайтыс болған – BBC) тірі қалу мүмкіндігі бар еді" деген қорытындыға келген.

Айыпталғандардың арасында Марадонаның нейрохирургы, жеке дәрігері болған Леопольдо Луке, психиатр және медбикелер бар. Олардың бәрі футболшының өліміне кінәлі екенін жоққа шығарып отыр.

Егер сот медициналық топты кінәлі деп тапса, олар 8 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Диего Марадона – футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі. Ол ФИФА-ның ресми сайтындағы дауыс беру қорытындысы бойынша ХХ ғасырдың үздік футболшысы атанған.