• 21-11-2025

Қазақстандағы алғашқы АЭС атау белгілі болды

Қазақстанда елдегі алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпы халықтық байқау аяқталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Байқау 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті.

«Конкурс комиссиясының қорытынды отырысының нәтижесі бойынша азаматтардан ең көп ұсынылған «Балқаш» атом электр станциясы» атауы жеңімпаз деп танылды. Таңдалған атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді», — деп жазылған хабарламада.

Байқауға 16 жастан асқан 27 157 Қазақстан азаматы қатысқан. Әр қатысушыда бір ғана атау ұсыну мүмкіндігі болды.

«Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынды және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды», — деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үлкендегі АЭС-ке атау беру бойынша байқау жариялауды ұсынды.

Кейінірек алғашқы АЭС атауына байқау басталды.