• 30-04-2026

Талғат Жайлауов хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Талғат Жайлауов хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Қазақстан хоккей федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Сонымен қатар жаттықтырушылар штабына "Номад" бас бапкері Константин Пушкарёв, "Торпедо" бас бапкері Андрей Корабейников және "Номад" қақпашылар маманы Александр Кудрявцев қосылды", — делінген хабарламада.

Федерацияның мәліметінше, Талғат Жайлауов қазір "Барыс" командасының жаттықтырушылар штабында қызмет етеді, мұнда ол бұған дейін де 2023 жылғы желтоқсаннан 2024 жылғы қазанға дейін жұмыс істеген.

Талғат Жайлауов 2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында, сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болған.

Хоккейші ретінде жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсеткен. Ересектер құрамасында 2006 жылы дебют жасап, 9 әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу турниріне және 2007, 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатысқан. IIHF аясында 59 ресми матч өткізген. Әр жылдары өзі түлеп ұшқан клубы "Қазцинк-Торпедо", "Барыс" және "Номад" командаларында ойнаған. Ойыншы ретіндегі мансабын 2020 жылы Қарағандының "Сарыарқа" клубында аяқтаған.

Барлық бапкерлер – Өскемен хоккей мектебінің түлектері. Бұл – ұлттық құраманың тарихындағы ең жас жаттықтырушылар штабы, орташа жасы 40-тан төмен.

Енді ұлттық команда 20-23 қараша аралығында Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз