• 16-12-2025

"Мен үшін үлкен мәртебе": Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайлануына қатысты пікір білдірді

Даңқты боксшы, еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Головкин World Boxing сияқты ұйымды басқару үлкен жауапкершілік әрі үлкен мәртебе екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан құттықтауларға, отандастарына алғыс айтып, әрбір жылы лебіз ерекше ыстық екенін жеткізді.

"Менің әуесқой рингтен басталған жолым Олимпиада ойындарына, әлем чемпионы атануыма, кәсіпқой мансапта табысты болуыма жол ашты.

Туған еліме және барша қазақстандыққа көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын.

Мен жаңа кезеңге қадам басып, бокстың болашағы үшін қызмет етуге бел будым", — деп жазды боксшы Instagram-дағы парақшасында.

Головкиннің айтуынша, енді алдыда тұрған басты мақсат – осы спорт түріне деген сенімді қайтару және оның Олимпиадалық бағдарламадағы "орны" сақталғанын қамтамасыз ету.

"Біз тәуелсіз әрі Олимпиадалық құндылықтарға адал боламыз", — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Италияның Рим қаласында өткен World Boxing Конгресінде Геннадий Головкин ұйымның президенті болып сайланды.

Боксшыны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға екенін айтты.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз