Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент реформасына қатысты пікір білдіріп, заң шығару органына тек білікті және тәжірибелі мамандар келуі керектігін атап өтті.
"Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек", – деді Президент.
Сонымен қатар, жаңа комитеттер құру мәселесі қарастырылатынын хабарлады.
"Цифрландыру және аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін толық пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша өз ұсыныстарым бар", – деді Президент.
Тоқаев Конституцияға енгізілетін түзетулердің көп болуы мүмкін екенін айтып, референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретінін жеткізді.
Президент сондай-ақ елде күрделі және жауапты кезеңде тыныштық пен тұрақтылық сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
""Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе "лас, көлеңкелі" саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз", – деді Тоқаев.