Air Astana әуе компаниясы бағдарламалық жасақтаманың жаңартылуына байланысты Airbus ұшағының рейстері кідіретінін хабарлады, деп жазады әуе компаниясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Компания мәліметінше, Airbus ұшуға жарамдылық директивасын шығарды, ол барлық әуе компаниясына Airbus тобындағы ұшақтарда биіктікті басқаратын компьютерді, операциялық бағдарламалық жасақтаманы шұғыл жаңартуға міндеттейді. Құжат әрбір ұшақтың жақын арада ұшып шығуына дейін жұмыстарды орындауды талап етеді.
Осыған байланысты Air Astana компаниялар тобы пайдаланатын Airbus ұшақтарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында міндетті жаңартуды жүргізу үшін базалардан ұшуы кідіртілетін болады.
"Air Astana кестеге әсерін барынша азайту үшін бар күш-жігерін салады, алайда рейстер өзгеруі және кідіруі мүмкін. Жолаушыларға әуе компанияларының сайттарында өз рейстерінің мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес беріледі", — делінген компания хабарламасында.
Сол арада Азаматтық авиация комитеті Air Astana мен FlyArystan авиакомпанияларының әуе кемелерінде бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту жедел түрде жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Комитет мәліметінше, әзірге инженерлік қызметтер Air Astana мен FlyArystan авиакомпанияларының KC 931 және FS 7063 рейстеріне тартылған екі әуе кемесінде бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңартты.
Қалған әуе кемелерінде жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жалғасып жатыр және жуық арада толық аяқталады.
"Барлық процедура Airbus ұшу жарамдылығы жөніндегі директивасына қатаң сәйкестікте, авиакомпаниялар мамандарының, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тікелей бақылауымен жүргізіліп жатыр.Барлық қызмет тәулік бойы жұмылдырылып, жаңарту процесін мүмкіндігінше тез аяқтау және әуе қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатыр.
Авиакомпаниялар ұшу кестесіне әсерін барынша азайту үшін барлық қажетті шараны қабылдауда. Жолаушыларға өз рейстерінің өзекті мәртебесін авиакомпаниялардың ресми ресурстарынан алдын ала тексеріп отыру ұсынылады. Ұшу қауіпсіздігі – басты басымдық. Жүргізіліп жатқан жұмыстар әуе кемелерінің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған", — делінген комитет хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз