• 09-12-2025

14 рейс кідірді: Air Astana бағдарламалық жасақтаманы жаңарту бір күнге созылатынын мәлімдеді

Air Astana өзінің Airbus ұшақтарындағы бағдарламалық жасақтаманы (БЖ) жаңарту аяқталуға жақын екенін хабарлады. Алайда әуе компаниясының мәліметінше, жаңарту жұмыстары 30 қарашаға дейін жалғаспақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әуе компаниясының ресми Telegram арнасындағы ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 28 қарашада Airbus өндірушісі мен Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) екі борттық компьютерде бағдарламалық жасақтаманы өзгертуді талап ететін ұшу жарамдылығы бойынша міндетті директива шығарды. Директива бүкіл әлем бойынша мыңдаған ұшақты қамтиды.

Air Astana және FlyArystan бағдарламалық қамтамасыз етуді өзгерту бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Инженерлік команда талаптарға сәйкес 20 ұшақтағы бағдарламалық жасақтаманы жаңартып, түні бойы жұмыс істеді. Бұл жалпы 7 Air Astana рейсінің және 7 FlyArystan рейсінің орташа есеппен 4,5 сағатқа кідіруіне әкелді.

"Біздің жер үсті қызметтері кешіктірілген рейстердің жолаушыларына қажетті сервис ұсынады. Компаниялар тобы қалған ұшақтардағы бағдарламалық жасақтаманы тезірек жаңарту және кестедегі іркілістерді қысқарту бойынша барлық шараны қабылдайды. Барлық жұмыс 2025 жылғы 30 қарашаға дейін аяқталады деп күтілуде.

Жолаушыларға рейстердің кестесін әуе компанияларының веб-сайттарында немесе мобильді қосымшаларында тексергені жөн. Жолаушылар мен ұшу қауіпсіздігі Air Astana-ның басты басымдығы", — делінге компания хабарламасында.

Сол арада Азаматтық авиация комитеті 29 қараша сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 23 әуе кемесінде бағдарламалық қамтамасыз ету жаңартылғанын хабарлады. Қалған 8 кемеде (1 ұшақ – Ақтауда, 3 ұшақ – Астанада, 4 ұшақ – Алматыда) жаңарту жоспарлы режимде жалғасып жатыр.

Комитет мәліметінше, барлығы бақылауға жататын Airbus типті 38 әуе кемесі бар, олардың ішінде: 5 әуе кемесіне жаңарту қажет емес, 2 әуе кемесі техникалық тексерісте (C-Check).

Жолаушыларға көмек көрсету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін жедел колл-орталық іске қосылды. Рейс бойынша қажетті ақпарат алу үшін жолаушыларға мына байланыс нөмірлеріне хабарласу ұсынылады:

  • Air Astana: +7 727 244 44 77, +7 7172 58 44 77, +7 702 702 44 77
  • FlyArystan: +7 727 331 1010 (WhatsApp: +7 702 702 0227)
  • SCAT: +7 7252 99 88 80
  • Qazaq Air: +7 727 356 14 14
  • “Қазақстанның авиациялық әкімшілігі” АҚ: +7 7172 79 82 13
  • “Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы” АҚ: +7 7172 702 999
  • “Алматы халықаралық әуежайы” АҚ: +7 727 228 00 19

"Жолаушыларға рейстерінің соңғы мәртебесін ұшу алдында әуе компаниялардың ресми сайттарынан тексеріп отыру ұсынылады", — деп қосты комитет өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз