• 08-12-2025

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Жогорку Кенеш сайлауының табысты өтуімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 30 қарашада Садыр Жапаровты Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші сайлауының табысты өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы бұл айтулы саяси оқиғаның нәтижесі Қырғызстанды одан әрі дамыту жолындағы стратегиялық міндетті орындаудың батыл қадамы саналатынын атап өтті, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

"Парламент сайлауы Сіздің қуатты әрі өркендеген ел құру бағдарыңыз халықтың жаппай қолдауына ие болғанын көрсетті. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатындағы қазақ-қырғыз қатынастары қарқынды дамып келеді. Ғасырлардан тамыр тартатын достығымызға, тату көршілік байланысқа және өзара қолдауға арқа сүйей отырып, жетістіктерімізді еселей түсетінімізге әрі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратынымызға сенімдімін", – деп жазды президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың бауырлас қырғыз халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.

Бұған дейін, бүгін, 2025 жылы 30 қарашада таңертең Қырғыз Республикасында Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы басталғаны хабарланған.