• 08-12-2025

Алматыда Желтоқсан көшесінде BRT желісі іске қосылады

Алматыда Желтоқсан көшесінде BRT желісінің іске қосылуына байланысты қозғалысты ұйымдастырудың жаңа сызбасы енгізіледі, деп хабарлайды Алматы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствонығ мәліметінше, ұзындығы 4,6 шақырым болатын жаңа желі Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT учаскесі мен Райымбек батыр даңғылы бойында салынып жатқан аумақты жалғап, оңтүстіктен солтүстікке қарай үздіксіз жылдам автобус қатынасын қамтамасыз етеді.

"Жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтап, жолдағы таңбалар мен белгілерге мұқият назар аудару қажет. Аталған аумақта құқықбұзушылықты бақылауға алатын фото және бейне тіркеу жүйелері де жұмыс істейді.

Жоба аясында арнайы жолақтар жол бойының шетінде орналастырылған. Мұндай шешім тұрақта тұрған көліктер мен кептелістен болатын қолайсыздықтарды азайтуға мүмкіндік береді.

Солтүстік бағытқа қозғалғанда бөлінген жолақ көшенің оң жағында, ал кері бағытта сол жағында сызылған. Жеке автокөліктер үшін Абай даңғылынан солтүстікке қарай бұрынғыдай біржақты қозғалыс тәртібі және жолақ саны сақталады", — делінген хабарламада.

Жаңа бағыттар бойынша автобустар 14 желтоқсаннан бастап екі бағытта да қатынай бастайды. Алғашқы кезеңде №92 және №59 маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр. Маршруттардың нақты сызбасы мен қозғалыс кестесі кейінірек жарияланады.

Жоба аясында барлық жолаушыға қолайлы болуы үшін арнайы платформасы бар заманауи аялдама кешендері салынған.

Сонымен қатар екі қабат асфальт төселіп, бағдаршамдар, жол белгілері, жарықтандыру жүйесі жүргіншілер аймағы жаңартылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз