Ертең, 3 желтоқсанда Кенияның Найроби қаласында таеквондодан жастар арасында әлем чемпионаты басталады. Аталған байрақты додоға әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады. Қазақстан құрамасы да жүлде үшін таласқа түседі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Биыл 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты алғаш рет өтеді. Аталмыш жарыс жас спортшылар үшін өз әлеуетін көрсетуге таптырмас мүмкіндік болмақ. Босқындар құрамасы (TRT) мен жеке бейтарап спортшыларды (AIN) қоса алғанда 75 елден 452 таеквондошы бақ сынайды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының негізгі көшбасшылары да осы додада өнер көрсетеді.
Жалпы ұлттық құрама тізіміне 16 спортшы енген. Толық құрам төмендегідей:
Ерлер
54 келіге дейін: Еркебұлан Енсегенов;
58 келіге дейін: Жавохирхон Исламов;
63 келіге дейін: Темірлан Тілеулес.
68 келіге дейін: Арслан Ерментаев;
74 келіге дейін: Ергеш Бекасыл;
80 келіге дейін: Батырхан Қусетов;
87 келіге дейін: Батырхан Төлеуғали;
87 келіден жоғары: Бейбарыс Қаблан.
Әйелдер
46 келіге дейін: Ақбота Желеу;
49 келіге дейін: Нұрайым Жұмабек;
53 келіге дейін: Айдана Сүндетбай;
57 келіге дейін: Мария Севостьянова;
62 келіге дейін: Аяулым Асқар;
67 келіге дейін: Аружан Найманбаева;
73 келіге дейін: Назым Махмұтова;
83 келіден жоғары: Алтыншаш Ыдырыс.
Тізімнен Батырхан Төлеуғали, Мария Севостьянова, Бейбарыс Қаблан, Темірлан Тілеулес секілді ұлттық құраманың негізгі спортшыларын көруге болады. Жалпы Қазақстан құрамасының тең жартысы жастар болғандықтан олар да осы жарысқа қатысуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар аталған таеквондошылар кейінгі халықаралық турнирлерде тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Бұл әлем чемпионатында басты фавориттердің қатарына енуге мүмкіндік береді.
"U21 құрамасындағы спортшылардың басым бөлігі тәжірибелі әрі дарынды. Оларға артылар үмітіміз де зор. Әлем чемпионатына қатысатын құрамасы ел біріншілігінің қорытындысы бойынша іріктеп алдық. Осы U21 құрамасына енген спортшылардың бірқатары Усиде өткен әлем чемпионатында өнер көрсетті. Екі доданың арасы тым жақын болғандықтан, спортшылардың жарақатын емдеп, әлем біріншілігінде кеткен қателіктермен жұмыс істедік. Нақты бір спортшыны атап өткім келмейді. Өйткені әрқайсысының медаль жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Алда өтетін әлем чемпионатынан кейін, U21 таеквондошылары ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігіне қатысады". Қазақстан U21 құрамасының аға жаттықтырушысы Давран Ризаев
Басты фавориттерге келер болсақ, Усиде (Қытай) өткен әлем біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысушылар тізіміне енген. Нақты айтқанда, Энрике Маркес Родригес Фернандес (Бразилия), Аболфазль Занди (Иран) және Масгуни Вафа (Тунис) ересектер арасында әлем чемпионы атанса, енді жастар арасында жүлдеге таласады.
Сонымен қатар әлем біріншілігінің қола жүлдегерлері Аристейдис Николаос Псаррос (Грекия), Суде Ярен Узунчавдар (Түркия) жеңіс тұғырына көтерілу үшін бақ сынайды.
Жарысқа қатысушылар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі (ерлер — 8, әйелдер — 8). Айта кетейік U21 санатындағы әлем чемпионаты 6 желтоқсанға дейін жалғасады.