• 14-03-2025

"Темірқазық": Наурыз қарсаңында FlyArystan әуе флотына жаңа ұшақ қосылады

Компанияның жиырма бесінші ұшағы – 180 орынға арналған Airbus A320.

Наурыз мерекесі қарсаңында қазақстандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы 180 орындық жаңа Airbus A320 CEO ұшағымен жолаушы тасымалдауды бастайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

"Темірқазық" – әуе компаниясының жиырма бесінші ұшағы. Бұл атау қазақ тілінде ең жарқын әрі айқын аспан нысандарының бірі полярлық жұлдызға арналады. Полярлық жұлдыз ертеден саяхатшыларға түнде дұрыс жол табуға көмекші болған, әрі бағыт-бағдар беруші рөлін атқарған.

FlyArystan АҚ президенті Ричард Леджердің айтуынша, жаңа әуе кемесі наурыз айында Алматы, Астана және Атыраудан негізгі бағыттар бойынша рейстердің жиілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ол биылғы маусымда Қарағандыдан Ыстамбұлға жаңа бағыт ашылатынын да сүйіншіледі.

"Бұл өз кезегінде біздің мүмкіндіктерімізді арттырып, халықаралық бағыттардағы байланыстарымызды нығайтады. Біз маршруттар желісін әлі де дамытып, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі сұранысты қанағаттандыруға және жолаушыларға ел ішінде және шетелге сапарларды одан әрі ыңғайлы әрі қолжетімді етуге ниеттіміз", – деді Ричард Леджер.