Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі Алматыда қатты жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдеді. Министрліктегілер сейсмикалық жағдайға талдау жүргізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сейсмикалық жағдайды талдай келе 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 15:00-дегі жағдай бойынша Алматы болжау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атап өтеміз. Алматы болжау полигоны ауумағында МСК-64 (К) сейсмикалық шкаласы бойынша қатты жер сілкіністері күтілмейді", — деді Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерік Әліпұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 4 желтоқсанда Алматыда жер сілкінісі тіркелді. ТЖМ мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 277 км жерде орналасқан.
Жер сілкінісі сезілуінің (MSK-64 шкаласы бойынша) есептік қарқындылығы Алматыда – 3 балл.
Артынша жер сілкінісіне байланысты халыққа жедел психологиялық көмек көрсету мақсатында сенім телефоны іске қосылды.
Сондай-ақ қала әкімдігі үндеу жасап, мегаполис аумағы мен өзен арналары тексерілгенін хабарлады. Қала ТЖД мәліметінше, зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ақпарат түспеген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз