Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, экспорттық нарықта бәсекеге қабілетті, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық беру керек.
"Биыл „Бәйтерек" холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік", – деді Президент.
Оның айтуынша, тапсырмасы бойынша "Даму" қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды.
Аталған бағыт аясында 2 229 жобаға жалпы 400 миллиард теңгеден астам несие берілген. Оның 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген.