• 10-12-2025

Тоқаев Ұлттық банк төрағасына инфляцияны төмендетуге баса назар аударуды тапсырды

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Тимур Сүлейменов президентке экономика мен қаржы жүйесінің жай-күйі және биылғы қаңтар-қараша айларында жүргізілген ақша-несие саясатының негізгі бағыттары жөнінде есеп беріп, 2026 жылға арналған жоспарды таныстырды.

ҰБ төрағасы іскерлік белсенділік, инфляцияға ықпал ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру үшін қабылданған шаралар туралы айтты.

Сондай-ақ үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскені туралы мәлім етті.

Тимур Сүлейменов президентке қаржы, валюта және мемлекеттік бағалы қағаздар нарықтарындағы жағдай, Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі туралы мәлімет берді.

Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюталық активтері 4,8 млрд долларға өсті.

11 айдағы инвестициялық табыс шамамен 8,2 млрд долларды немесе 13,7 пайызды құрады.

Есепті кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 млрд долларға немесе 36 пайызға ұлғайып, 62,1 млрд долларға жетті.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі биыл қаңтар-қараша айларында 2,6 трлн теңгеге немесе 11,7 пайызға артып, 25 трлн теңге болды.

Жаппай цифрландыру барысы және Ұлттық банктің цифрлық жобалары жөнінде баяндады. Соның ішінде Антифрод орталықтың жұмысына, ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымдарын технологиялық тұрғыдан жүзеге асыруға мән берілді.

Ұлттық банк баға тұрақтылығын сақтап, инфляцияны орташа 5 пайыздық межеде ұстап тұру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда.

Президент инфляцияны төмендетуге, қаржы нарығы мен цифрлық трансформация секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударып, Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз