• 10-12-2025

Ерекше балаларды дамытатын қосымша

Барлық бала қандай да бір ерекшелігіне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы. Қолданыстағы «Білім туралы» заңына сай солай. Бірақ іс жүзінде бұлай бола бермейтіні бар, бұл ретте саладағы кемшілік пен маман мәселесі алдымыздан шығады. Жақында осы олқылықтың орнын толтыруға таптырмайтын қос қосымша таныстырылды.


Бұл – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қазақ тіліндегі әзірге алғашқы мо­бильді қосым­­ша. «Сауатты бала» және «Дыбыстар әле­мі» деп аталатын қосымшаларды Қ.Жұ­банов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінің ғалымдары жасап шықты. Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің 2023–2025 жылдарға арналған грант­тық қаржыландыруы аясында әзірленген бұл бастама логопе­диялық жаттығулар, ойын-based тапсырмалар, визуалды және аудио­материалдардан тұрады.

Жоба жетекшісі педагогика ғылым­дарының кандидаты, қауымдастырыл­ған профессор Мейрамгүл Есенғұло­ва өзінің идеялас ғалымдар тобымен (қауым­дастырылған профессор Айгүл­ден Тоғайбаева, PhD, доцент Динара Рамазанова, магистрлер Бақытыгүл Ертілеуова, Марина Аманжол, Камшат Кең­шілікова) көбіне елеусіз қалатын балаларға қолайлы білім ортасын құруды зерттеді. Өйткені кейінгі жылдары Ақтөбе облы­сында ерекше білім беру қажет­тіліктері бар балалар саны айтарлықтай өсіп отыр. Осын­дай өсім мамандарға түсетін жүктемені арттырып, қазақ тіліндегі қолжетімді цифрлық ресурсқа деген қажеттілікті күрт күшейтті. Осыған орай олар қос бірдей қосымшаны дайындап, апробациядан өткізді.

«Біз ғылыми тобымызбен бірге үй жағдайында оқи­тын, денсаулығына байланысты шек­теулері бар немесе әлеу­мет­тену мүмкіндігі төмен бала­лар­дың қолайлы білім ортасын қалыптастыруды көздедік. Зерттеу барысында балалардың сөйлеу, танымдық және коммуни­кативтік дағдыларын дамытуға арналған қазақ тіліндегі заманауи контент әзірлеуді бас­ты мін­дет­тердің бірі етіп алдық. Соның нәтижесінде, жасаған қосым­шаларымыз педагогтердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың сөйлеу дағ­ды­ларын дамытуда тиімділігі жоғары екенін тәжірибелік кезең дәлелдеді. «Ақбота» ар­найы балабақшасы мен Сөйлеу орта­лығының тәрбиеленушілері қа­тысқан аппробация барысында балалардың сөздік қоры, артикуляциялық дағды­лары, нұсқауды түсінуі және байланыс­тырып сөйлеуі айтарлықтай жақсарғаны анықталды. Қазақ тілінде қолжетімді сапалы кон­тент­тің болуы ата-аналарға да үлкен көмек, үй жағдайында түзе­ту және дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізе алады», деді М.Есенғұлова.

дыбыс

Профессордың айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды (ЕББҚ) оқыту көбіне арнайы ұйымдарда жүргізілгенімен, денсаулық жағдайы, пандемиялық шектеу және отбасылық себептерге байланысты көптеген бала үйде оқуға мәжбүр. Бұл олардың қарым-қатынас дағдыларын шектеп, әлеуметтену мен жалпы дамуына кері әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар ЕББҚ бар балалар санының артуы арнайы педагогтерге түсетін жүктемені көбейтіп, білім сапасына әсер етуі мүмкін.

«Қазіргі таңда кең қолданыс­тағы Дэльфа-142 электронды қосымшасы мен «Виэль-Арт» интерактивті планшетінің кон­тен­ті негізінен орыс тілінде, ал қазақ тіліндегі сапалы материал­дар жеткіліксіз. Сондықтан біз бұл мәселенің тиімді шешімі­не үлес қосуға тырыстық. Қа­шық­тан оқыту жағдайында ЕББҚ бар балаларға арналған әдістемені ғылыми түрде әзірлеу олардың сапалы білім алуына, қатарластарымен қарым-қатынас орнатып, ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы зерттеу нәтижесінде әзір­лен­ген қосым­шалар балалардың сөй­лемді дұрыс құрастыруына, сондай-ақ қарапайымнан күрделіге бағыт­талған тапсырмаларды жүйелі меңге­руі­не жағдай жасайтын тиімді құрал­дар ре­тінде ұсынылды», деді жоба жетекшісі.

Өнімдерді сынақтан өткізген­дердің бірі, «Ақбота» арнайы балабақшасының логопеді Нұри­ла Кенжебаева қосымша­ның бас­ты тиімділігіне тоқталып, жұмы­сын жеңілдетуге, білім сапасын арттыруға көмектескенін тарқатып айтты.

«Қосымшалардың басты тиімділігі – қазақша болғаны. Өйткені осы уақытқа дейін қазақ тілінде ерекше балаларға тіл үй­рететін қосымша болмады. Екін­ші тиімділігі – қосымшада аудио мәліметтердің берілетінінде. Мысалы, балалар лексика бөлі­мінің «Жыл мезгілдері» тақыры­бында сипаттамаларды тыңдап, ойланып, содан кейін жауап береді. Бұл неге маңызды? Кейбір сөйлеу тілі бұзылған балаларда көбіне фонематикалық есту қабілеті нашар болып келеді. Ал бала осы қосымша арқылы дыбысты, сөзді мән беріп, қайталап тыңдау арқылы сөйлеуін дамытады. Үшінші тиімділігі – ата-анамен жұмысты нәтижелі етуге септігін тигізетінінде. Бізде көп ата-ана балаларының тыңдамайтынын себеп қылып қағаздағы, дәптердегі берілген тапсырмаларды орындатқысы келмейді. Ал мобильді қосым­шаны ата-аналардың өзі балаларымен бірге қызығып орындайды. Төртінші тиімділігі – ыңғайлылығында. Мысалы, кей балалар сырқаттанып бір­неше апта, кейде айлап балабақшаға келмей қалады. Ондайда әдетте ауырған тәрбиеленуші тақырып­тан қалып қояды. Қосымша­лармен үйде де, ауруханада да тапсыр­ма орындап, қатарынан қалмауға болады. Ата-аналарға тақырыптарды, тапсырмаларды айтып отырамын, нәтиже өте жақсы», дейді логопед.

Н.Кенжебаеваның пікірінше, бұл ресурстар сөйлеу тілі бұзы­лыс­тары бар ба­лалардың есте сақтауын, тілдік дағды­ларын түзе­ту, дамыту және алдын алу жұ­мысын кәсіби деңгейде жүргізуге жағдай жасады. Қос қосымша – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білімге қолже­тімділігін кеңейткен, сұ­раны­сы жоғары, цифрлық өнім. Бұл құрал­дар өңірдегі ғана емес, еліміздегі инклю­зивті білім беру жүйесін дамытуға маңызды үлес қосады, инклюзивті білім ортасын цифрландыруға жаңа серпін болмақ.

«Сауатты бала» қосымшасы бала­лардың танымдық қабіле­ті мен байланыс­тырып сөй­леу дағдыларын дамы­ту­ға бағыт­талған. Ал «Дыбыстар әлемі» қосым­шасына артикуляциялық жаттығулар мен дыбыстардың дұрыс қалыптасуына ықпал ете­тін ойын түріндегі тапсыр­ма­лар енгізілген. Әр бөлімде жат­тығулардың атауы, орындау нұсқаулығы және иллюстра­циялық материалдар ұсынылған. Бұл кон­тент балалардың логопед­тік және тіл­дік да­муын жүйелі қолдауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, аталған қосым­шаларды «Play market», «App store» платформаларынан жүктеп алуға болады.