• 10-12-2025

IATA: Экологияны сақтау үшін енгізілген алымдар шын мәнінде экономикаға зиян келтіріп отыр


Алымның бұл түрі әуе билеттерінің бағасының артуына және жолаушылар санының кемуіне әкелген.


Швейцарияның Женева қаласында өткен Global Media Day шарасында Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы экологияны қорғау мақсатында енгізілетін алымдар мен салықтардың қоршаған ортаға айтарлықтай пайда әкелмейтінін, керісінше, авиация саласының экономикасына теріс әсер ететінін мәлімдеді.

Қауымдастықтың мәлімдемесіне сәйкес, соңғы уақытта бірқатар елдің авиациялық салықтарды төмендету немесе мүлде алып тастауы дұрыс шешім болған.

Халықаралық әуе транспорты қауымдастығының бас директоры Уилли Уолш салық саясатын "маңызды мәселе" деп атап, "салық салудың экологиялық көрсеткіштерді жақсартатынын дәлелдейтін нақты дерек жоқ" екеніне тоқталды. Ол мұндай алымдар әуе билеттерінің қымбаттауына алып келіп, жолаушылар санын азайтатынын, бірақ рейстердің бәрібір орындалатынын, тек жүктемесі төмендейтінін жеткізді.

IATA бас директоры Швецияның 2025 жылдың ортасында авиациялық салықты жою шешімін және Германияның 2026 жылдың ортасынан бастап алымдарды төмендету жоспарын оң мысал ретінде келтірді.

Ал Ұлыбритания керісінше Уилли Уолштың сынына ілінді. Бұл ел инфляцияға байланысты әуе салығын арттырумен қатар, Solidarity Levy сияқты жаңа бастамаларды енгізуде.

Уилли Уолштың айтуынша, Ұлыбританиядағы жолаушыларға арналған әуе салығы (APD) "экологиялық мақсаттан гөрі елдің экономикалық жағдайын көбірек көрсетеді". Сондай-ақ, ол Нидерландтарда 2007-2008 жылдары енгізілген әуе салығының салдарын еске салды: сол кезде жолаушылар қосымша шығыннан қашу үшін көрші елдердің әуежайларын жиі қолданған.

"Экологияны қорғау деген желеумен салынатын салықтар еш пайда әкелмейді. Біз бұған нақты дәлелдер келтіре аламыз", – деп түйіндеді Уилли Уолш.

Айта кетейік, шара аясында 2026 жылы әлемдегі әуе компанияларының таза табыстылығы 3,9 пайызға жететіні туралы болжам жарияланды. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2026 жылы әлем бойынша әуе компанияларының таза табыстылығының орташа көрсеткіші 3,9 пайызға жететініне болжам жасады. Ал таза пайда 41 млрд АҚШ долларын құрайтын болады.


Оқи отырыңыз:

  • IATA әлемде тұрақты авиациялық отын өндірісі баяулайтынын болжады. Оған не себеп
  • 2026 жылы әлемдегі әуе компанияларының таза табыстылығы 3,9 пайызға жетеді – IATA