Қазақстан әлем санасатын елге айналды
Қазақ елінің тәуелсіздігіне — 34 жыл. Тар жол, тайғақ кешу кезеңінен өтіп егемендігін алған мемлекет қазір ...
Ақмола облысында мыңға жуық бала аутизм дертіне шалдыққан. Өкініштісі сол, статистика жыл сайын өсіп барады. Кейінгі бір жылдың өзінде 191 балада қауіпті дерттің белгілері анықталды. Осыған байланысты облыс орталығында алғаш рет аутизм орталығы ашылды. Енді ата-аналар көрші аймақтарға сабылмайды. Мекеме мамандары бір жылда 200 баланы тегін емдеуді көздеп отыр.
Майра Штир – ерекше баланың анасы. Осы уақытқа дейін ол баласын жемекеншік мекемеге апарып, ақылы түрде емдетуге мәжбүр болған. Өйткені шаһарда бұрын-соңды мұндай орталық болған жоқ.
Майра Штир, қала тұрғыны:
- Біз осы орталықтың ашылуын көп күттік. Себебі біздің балаларымызды қарапайым білім беру ұйымдары қабылдай бермейді. Ал бұл жерде балалармен арнайы мамандар жұмыс істейді. Ол өз пайдасын тигізері анық.
Қазір орталыққа балаларды тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал оқыту және емдік шаралар алдағы айдан басталады. Алдымен мемеке мамандары әр баланы жан-жақты тексеруден өткізеді. Содан кейін ғана жоспар құрылады. Шамамен 40 маман тәрбиеленушілерге қоғамға бейімделу үшін қажетті негізгі дағдыларды үйретеді.
Әйгерім Қалашынова, психолог:
- Негізгі бағытымыз ол түзету дамыту жұмысы болып табылады. Сенсорлық интеграция, тілдік дамыту, баланың өзіне қаратылған сөйлемді анықтау алуы, оның моторикасын дамытамыз. Әлеуметтендіру, бейімделу процесі бойынша жұмыстар атқарамыз.
Жалпы нысан 30 орынға арналған. Бірақ мамандар бір кезеңде 50 балаға дейін қызмет көрсетуге дайын. Емдік шаралар 3 айға жоспарланған.
Сәуле Малғаждарова, орталық директоры:
- Техникалық база әлі де толықтырылып жатыр. Біз барлығын бірден алған жоқпыз. Себебі бұл ерекше балалар ғой. Кей құрылғы мен ойыншықтар балғындарға ұнамай, кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз жұмыс барысында оларды тексере отырып, тағы да жаңа қондығылар аламыз.
Аймақта айрықша білім беруді талап ететін 13 мыңнан астам бала тіркелген. Оларға арнайы мектеп ішінен инклюзивті сыныптар да ашылып жатыр. Биыл сондай 30 кабинет қолданысқа берілді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко