• 16-12-2025

Рыбакина 2026 жылғы маусымды қай жарыстан бастайды


Аустралияда 4-11 қаңтарда әйелдер арасында Брисбен WTA 500 турнирі өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Жылдың алғашқы жарысына қатысушылар тізіміне Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина енгізілген.

Сондай-ақ бұл додада әлемнің 1-ракеткасы, "Үлкен дулыға" турнирінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенко бастаған басқа да танымал теннисшілер бақ сынайды.

2024 жылы осы турнирде Рыбакина финалда Арина Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен ойсырата ұтып, жеңімпаз атанған еді. Ал биыл қазақстандық теннисші қатыспаған еді. Сондықтан алдағы жарыста сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпай қорын толықтыра алады.

Сонымен қатар Брисбен турнирі Аустралия ашық чемпионаты қарсаңында дайындық есебінде болмақ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик 2026 жылғы алғашқы жарысын қайда бастайтынын жазған едік.