• 13-03-2025

Қазақстан ОПЕК+ келісімдеріне адалдығын растады – Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстанның ОПЕК+ келісімі аясындағы міндеттемелерден асып кетуі туралы мәліметтерге ресми жауап берді, деп жазады inbusiness.kz сайты .

– Қазақстан ОПЕК+ келісіміне толық бейілді екенін растайды және белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу бойынша тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Ақпан айында өндіріс көлемінің уақытша артуы Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) технологиялық процестеріне байланысты болды. Бұл жоба ұзақ мерзімді мақсаттарды көздейді және еліміздің орта мерзімді міндеттемелерін орындауға бағытталған, – делінген.

Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі ірі инвесторлармен және жер қойнауын пайдаланушылармен кездесіп, ОПЕК+ келісімінің талаптарын орындау кестесін нақтылады. Сондай-ақ, белгіленген квоталардан тыс өндірілген көлемдерді өтеу шаралары келісілді.

Министрлік уақытша өндірістің артуын реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдағанын мәлімдеді.

– Жақын арада өндіріс көлемі белгіленген лимиттерге толық сәйкес реттеледі. Қазақстанның жаһандық мұнай өндірісіндегі үлесі 1,5%, ал ОПЕК+ аясында шамамен 3% құрайтынын ескерсек, бұл әлемдік мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсыныс балансына айтарлықтай әсер етпейді. Соған қарамастан, Қазақстан сенімді серіктес ретінде өз міндеттемелерін қатаң орындайды. Ел үнемі әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты қолдап, ОПЕК+ келісімдерін орындауға және серіктестермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Қазақстанның мұнай өндіру саласын дамытуға қатысты барлық болашақ жоспарлары халықаралық міндеттемелерге және әлемдік нарықтағы жағдайға сәйкес жүзеге асырылады, – деп мәлімдеді министрлік.