• 14-03-2025

Адамзат сөндірілген гаджеттер күнін атап өтті

Бүгінде әлем халқының жартысынан астамы смартфон ұстайды.

Бұл шамамен 4,5 млрд адам. Көбі гаджетін күнделікті пайдаланады. Он пайызға жуығы өмірін ұялы телефонсыз мүлдем елестете алмайды. Оның ішінде оқырмандары арқылы нәпақасын тауып жүрген блогерлер, инфлюенсерлер және фрилансерлер бар. Бірі үшін бұл заманауи бизнес болса, енді бірі үшін тәуелділік дерті. Әдетте бір сәтке болса да байланыс құралынан айырылып қалудан қорқатын жандарды номофобтар деп атайды. Олар біздің қоғамда көп пе?

Мирлан Алтынбек, тілші:

"Сөндірілген гаджеттер күні" науқаны адам баласын смартфоннан, планшеттен, тіпті электрондық кітаптан бас тартуға шақырады. Осы сәтті пайдаланып, мен де өзіме ақпараттық диета жариялауды жөн көрдім. Әлеуметтік желідегі жағаұстатарлық жағымсыз жаңалықтар, спорт, саясат, тарих тақырыбындағы түрлі пікірталастан жалықтым. Сондықтан смартфонымды бүгіндікке өшіремін. Оның үстіне жұмыс уақыты да бітіп қалды, ешкім іздей қоймас. Керек адам өзі тауып алар. Ал сіз бір күнге болса да смартфоныңызды сөндіруге дайынсыз ба?

БЛИЦ: 5 адам.

1. Жоқ дайын емеспін. Мен бұл қалада студентпін. Мені ата-анам іздеп қалады.

2. Өшіріп тастауға дайынсыз ба? Иә. Қандай сізге пайда береді? Диджитал тынығуға керек. Өзім кейде әлеуметтік желілерді жойып тастаймын.

3. Иә дайынмын. Бірақ тек демалыс күндері. Өйткені жұмыс күндері мен үнемі байланыста болуым керек.

4. Дайынсыз ба бас тартуға? -Иә. Біз онсыз да жұмыста қолданбаймыз. — Қандай жұмыс сізде? Мен кассир-оператормын.

5. Дәл қазір сөндіре аласыз ба телефоныңызды? — Сөндіре аламын. Бірақ онсыз да сөнейін деп жатыр.

Әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнамаға мыңға жуық адам қатысқан. Нәтижесіне қарасақ, қатысушылардың 73 пайызы смартфонын 1 күнге сөндіруге дайынмын деп дауыс берген. Қалған 27 пайызы "жоқ" деп жауап қатқан. Журналист Ернат Мелсұлы ұялы телефонды мейлінше сирек тұтынуға тырысады. Тіпті демалыс күндері сөндіріп тастайтын әдеті бар. Балаларына да планшет бермейді.

Ернат Мелсұлы, журналист:

- Оны барынша зерттедім, осы телефон не үшін керек деп. Неге көп ұсталады ол. Оны қалай шектеп ұстауға болады?! Негізгі телефонның, ұялы телефонның, смартфондардың, гаджеттердің негізгі мақсаты не? деп. Қазір енді консюмеризм деген ұғым бар ғой. Ол тұтынушылық. Статустарды қарайды. Көп уақыт сонымен кетеді. Ал негізі оның әр адам үшін бір мақсаты болуы керек. Негізі телефонның ең негізгі мақсаты байланыс құралы ғой.

Дәрігер-офтальмолог Қазына Сәрсенбайқызының айтуынша, жастар арасында миопия яғни алыстан көрмеу ауруы дендеп барады. Бұл дерттің артында телефонды шамадан артық пайдалану әдеті жатыр. Бір емес, бірнеше күнге гаджеттен бас тарту адамның өзіне де, көзіне де, тіпті ойын жүйелі жеткізу үшін сөзіне де пайдалы, дейді мамандар.

Қазына Сәрсенбайқызы, дәрігер-офтальмолог:

- Экранды бетке өте жақын ұстауымыз көздің шаршауына алып келеді. Екінші себебі көздің өзінің биологиялық линзасын бір қалыпта ұзақ тұрып қалуы көздің спазмына алып келеді. Гаджетті көп пайдаланбауға тырысуымыз керек. Күніне 2 сағаттан көп емес. Екіншіден 20-20-20 ережесін сақтауымыз керек. 20 минут ғана қарауымыз керек. Экранды алып тастап, 20 минут алысқа қарауымыз керек.

Психологтардың айтуынша, байланыс құрылғысына деген тәуелділік бейжайлық пен бейқамдыққа алып келеді. Яғни адамның шынайы эмоция білдіруі әлсірейді. Зейін қою қабілеті бәсеңдейді.

Айбек Сыдықов, психолог:

- Былтыр Ақтөбе қаласының жастары арасында зерттеу жүргіздік. Смартфоныңызға қанша уақыт жұмсайсыз деген сауалнамаға 100-ден астам жасөспірім қатысты. Анықталғандай, олар гаджетке тәулігіне орта есеппен 10-12 сағатын арнайды екен. Респонденттердің едәуір бөлігі бұл әдетін бір мезетте бірнеше адаммен әңгімелесуге болады деп түсіндіреді.

Гаджетті сирек қолданатындардың қатарына тағы мемлекеттік қызметкерлерді де қосуға болатын шығар. Бірақ олардың көбі смартфоннан өз еркімен бас тартты дей алмаймыз.

Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Арман Ақшабаев, Қанат Махмұтов, Берік Шараф, Дәулет Кибраев