• 29-04-2026

Баспаналы болуға мүмкіндік беретін "Ақтөбе жастары" бағдарламасы қашан басталады

Ақтөбе облысында жастар мен жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске асырылып келе жатқан "Ақтөбе жастары" бағдарламасының III кезеңі басталады. Бұл туралы өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа кезеңде шамамен 70 жас отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Бағдарлама бойынша берілетін кредиттің ең жоғарғы сомасы – 15 миллион теңге, төлем мерзімі 19 жылға дейін белгіленген. Пайыздық мөлшерлеме жылына 5 пайыз, бастапқы жарна 10 пайыз көлемінде. Қатысушылар тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып ала алады.

Өтінімдер ЭЦҚ арқылы Ақтөбе облысының өңірлік геоақпараттық жүйесінде 2026 жылғы 6-20 қаңтар аралығында қабылданады. Қабылдау аяқталған соң комиссия қатысушыларды 14 күнтізбелік күн ішінде іріктеп, алдын ала тізімді жариялайды.

Тізімге енген азаматтар 10 күн ішінде "Отбасы банк" АҚ-да төлем қабілеттілігін растайды. Оң нәтиже шыққан жағдайда, 30 жұмыс күні ішінде тұрғын үй таңдалып, кредит рәсімделеді. Бағдарламаға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйі болмауы шарт. Қатысушының жасы 18-34 жас аралығында болуы қажет, жұбайының жасы шектелмейді. Ерлі-зайыптылардан тек бір адам ғана негізгі қатысушы ретінде бағдарламаға қатыса алады.

Бала күтімі бойынша демалыстағы үміткерлер үшін төлем қабілеттілікті растау құқығы жұбайына беріледі, ал жұбайы жоқ болса – жақын туысына. Алайда жақын туыстардан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі жоқ.

Тұрғын үй өтініш берушінің жұмыс орны орналасқан немесе сол ауданның өзге елді мекенінен болуы тиіс.

Қатысушының Ақтөбе облысында ресми жұмыс өтілі соңғы алты айда болуы және міндетті зейнетақы жарналары аударылған болуы қажет. Сонымен қатар үміткер бағдарламада көрсетілген басым салаларда кемінде алты ай еңбек өтілі болуы керек.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз