• 13-03-2025

Жетісуда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында емдеу мекемелері салынады

Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 60 шақты емдеу мекемесі салынады.

Соның 9-ы Алакөл ауданында тұрғызылып жатыр.

Шекаралы аймақтағы медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар.

Галина Сержантова Ақжар ауылындағы фельдшерлік акушерлік пунктте қырық жыл бойы қызмет етіп келеді. Сала ардагері тар әрі ескірген ғимараттан жаңасына көшетін күнді тағатсыздана тосып жүр.

Галина Сержантова, Ақжар ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт жетекшісі:

- Жаңа медициналық пунктте әйелдерге жеке кабинет қарастырылған. Ем-дом жасайтын бөлме де бөлек болады. Ең бастысы тұрғындарға да мейірбикелерге де қолайлы жағдай жасалады.

Көлбай ауылындағы медицина қызметкерлерінің де көмір жағып күл шығару машақатынан құтылатын күні алыс емес. 20 жыл бойы жер үйді дәрігерлік амбулатория ретінде пайдаланған ұжымға жаңа ғимарат салынып жатыр.

Ержан Шәкеров, Көлбай ауылдық округінің әкімі:

- Былтыр 24 те басталған биыл аяқталады. Ауыспалы. Жұмыстары өзі уақытымен жүріп жатыр.Осы ғимарат біткен кезде көптен күткен күрделі мәселе шешімін табады. Көлбай ауылдық округі төрт елдімекеннен тұрады. 2800-ге жуық халық саны. Соның бәрі осы жерге келіп емделеді бұйырса.

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін аймақта 59 медициналық нысан салу жоспарларған.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен 15 медициналық-фельдшерлік пункт және ауылдық амбулатория салынды. Денсаулық сақтау басқармасындағылар тағы 18 нысан сәуір айының соңына дейін пайдалануға беріледі, деп отыр.

Қалған 26 емдеу мекемесі мемлекеттік резервтен аударылатын қаражаттың түсуіне байланысты кезең-кезеңмен тұрғызылады, дейді саладағылар.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев